Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты Қазақстан-Ресей жастарының ынтымақтастық форумында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету керек» деген болатын.
Расында да, жастар еліміздің болашағы. Сондықтан, оларға жағдай жасап, жүйелі түрде жұмыстар жүргізілсе қандай жақсы?! Бұл ретте, аудандық білім беру ұйымдарында жастармен бірігіп атқарылған жұмыстар, оларға көрсетіліп жатқан қолдаулар бойынша белгіленген жоспарға сай жұмыстар жасалуда. Айталық, аудан мектептерінде 14-18 жас аралығында 1414 оқушы, 30 жасқа дейінгі 168 жас ұстаз бар. Өткен 2019-2020 оқу жылында 12 жас маман аудан мектептеріне қабылданды. 11 сынып бітірген 415 оқушының 226-ы әртүрлі жоғары оқу орындарына түссе, 180 түлік колледждерге оқуға қабылданды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында, 22-23 ақпан күндері аудандық мектеп лигасы ұйымдастырылды.
Онда 9-11 сынып оқушылары спорттың баскетбол, футзал, волейбол, гандбол, шахмат, тоғызқұмалақ түрлері бойынша сайысқа түсті. Жарыс қорытындысымен наурыз айында өткен облыстық мектеп лигасына қатынасқан Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының футзал командасы ІІ орынды, Миялы орта мектебінің волейболшылары мен Қарабау орта мектебінің шахматшылары ІІІ орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, ақпан айында өткен облыстық мектеп оқушыларының спартакиадасында асық атудан Жаңашаруа орта мектебінің командасы ІІІ орынға қол жеткізді. Сол сияқты, 3-5 наурыз күндері Атырау қаласында өткен «SportFESTKazakhstan» спартакиадасында Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің футзал командасы І орынды иеленіп, республикалық турнирге жолдама алды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын орындау мақсатында, Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойына байланысты 24-28 ақпан күндері «Шығыс жауһары – ұстаз әл-Фараби» тақырыбында апталық өткізіліп, жас ұстаздар арасында эсселер байқауы ұйымдастырылды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына байланысты 2-6 наурыз күндері «Абай әлеміне саяхат» тақырыбында апталық болып, жас ақындар мүшәйрасы өткізілді. Сайып келгенде, ел ертеңі білімді де білікті жастардың қолында. Сондықтан, алдағы уақытта да бөлім бойынша жастар саясаты бағытындағы жоспарлы жұмыстар жалғаса береді.
Қанат АЛПАНОВ,
аудандық білім бөлімінің бас маманы
Сурет: ашық дереккөзден