Еліміздегі төтенше жағдай кезінде ел халқының цифрлы сауаттылығы да біраз сөз болды. Әсіресе, мемлекет басшысы жұмысынан айырылғандарға 42 500 теңге беріледі дегенде көп адамның Egov.kz порталына кіретін электронды цифрлы қолтаңбасы болмай шықты.
ЭЦҚ алғандардың өзі порталға кіру, жәрдемақыға өтініш беру жағын білмей жатты. Одан қалды еліміздегі цифрлы қызмет көрсететін Egov.kz порталы көп адамның кіргенін көтере алмай, жұмыс жасауы қиындады. Содан кейін үкімет 42 500 теңгеге өтінішті телеграм-бот арқылы қабылдауды қолға алды. Бір сөзбен айтқанда төтенше жағдай режимі тек қана медицина саласын ғана емес басқа да маңызды салалардың әлсіз тұсын көрсетіп тастады. Цифрлы сауаттылықтың тағы бір сынға түскен сәті – білім саласында болды. Үкімет оқушыларды қашықтан оқытуды қолға алғанда алғашында «Zoom» электронды қосымшасы арқылы оқытылатындығын жариялады.
Ата-аналар мен ұстаздар жаппай телефондарына әлгі қосымшаны жүктеп алып, қашықтан оқуға дайындықты бастап кетті. Алайда, бір уақытта мыңдаған адам кіргеннен кейін ол қосымша да кәдеге аспай қалды. Содан соң білім саласының басшылары амалсыздан сабақты телеарна арқылы беріп, ұстаздар мен оқушыларды «WhatsApp» арқылы байланыстыруды жөн санады. Бұл жоба басында ұтымды көрінгенімен оқушылардың үй тапсырмасын орындайтын сәтте интернет желісі тартылмаған кейбір ауылдар мен ұялы байланыс желісі әлсіз аймақтарда қашықтан оқыту үлкен мәселеге айналды.
Бұл мәселе айтыста ақындардың жырына да арқау болды. Мәселен жерлесіміз, айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров сәуір айында «Қазақ радиосы» ұйымдастырған онлайн-айтыста қызылордалық Мейірбек Сұлтанханның «Ауылыңда байланыс нашар» деген сөзіне:
«Күлетін жағдайың бар маған қайбір,
Алаңдасаң қазаққа алаңдай біл.
Қай ауылда сеть ұстап жатыр дейсің,
Төбемнен төнгенің не жауардай бір.
«Цифрлы Қазақстан» дейтін жоба,
Қанша қаржы бөлінсе де оңалмай жүр.
Білім мен денсаулық саласы да, Әлі күнге цифрланып бола алмай жүр.
Бағдарлама бар жерді қамтыды деп,
Бір жылы тарап ед(і) хабар қайбір.
Ауыл жұрты асығып күтіп отыр,
Дәл содан бақ жұлдызы жанардай бір.
Біздің ауыл шалғайда жатқасын ба,
Анау-мынау жобалар баралмай жүр.
«Цифрлы Қазақстан» әлі күнге,
Айналып Тайсойғанды табалмай жүр» деп жауап берген болатын.
Осының өзінен-ақ елімізде цифрландыру, интернет желісін тарту қандай деңгейде екендігін бағамдай беруге болады. Ел арасында біраз сынға ұшыраған цифрландыру саласы жайлы білікті сарапшы, «Болашақ» стипендиясының түлегі Саясат Нұрбек «Ruh.kz» сайтына берген сұхбатында: «Жалпы халықты сауаттандыру елімізге жүз жыл сайын айналып соғып тұратын тәрізді. Мысалы, осыдан бір ғасыр бұрын қазақ далаларында ең алғашқы мектептер ашылып, халықты жазуға, оқытуға үйрете бастады. Яғни, қазақ даласында жаппай сауаттандыру жүрді. Енді жүз жылдан кейін заманның ағымына орай бізді тағы бір сауаттандыру кезеңі күтіп отыр. Ол – цифрлы сауатталық.
Себебі, карантин кезінде бұл үлкен мәселеге айналды. Сондықтан алдағы уақытта ел халқының цифрлы сауаттылығын арттыру күн тәртібіне қойылады. Яғни, электронды цифрлы қолтаңбаны қолдану, құжаттарға онлайн өтініш беру, оқушыларды қашықтан оқыту тіпті онлайн сауда жасау әдісі де халыққа кеңінен үйретілу керек» деген пікір айтты. Кеңірек ойлап, тереңнен қарасақ бұл пікірдің де жаны бар. Себебі, қазіргі технология дамыған заманда ел халқын цифрлық жағынан сауаттандырмай алға қарай дамимыз деу бос әурешілік.
Дулат Берік
Сурет: ашық дереккөзден