Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бес күндік әскер жігіттерді кәдімгідей ширатып тастады

Өткен аптада Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің базасында аудан мектептерінің 10-сынып оқушыларымен бес күндік оқу-далалық жиыны өтті.

Мұндағы мақсат – жасөспірімдерді әскери қызметке баулып, отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезім қалыптастыру. Әскери өмірдің қыр-сырын меңгерудегі алғашқы баспалдақ саналатын далалық жиынға аудандағы 13 орта мектептен 153 оқушы мен 25 әскери жетекші қатысты. Осы уақыт ішінде 10-сыныптың қыз балаларына жергілікті жердегі медициналық мекемелерде алғашқы медициналық көмек курсы бойынша практикалық сабақ ұйымдастырылды. Оқу-далалық жиынының ашылу салтанатынан кейін жиын бастығы Нұрлыбек Мұса оқушылар мен жетекшілерді бес күн ішінде өтетін жұмыс жоспарымен таныстырып, әскери тәртіптің қатаң сақталу қажеттігін жеткізді. Бұдан кейін оқушылар бес күн бойы Миялы ауылынан 2000 метр қашықтықта даярланған тактикалық алаңда азаматтық қорғаныс, саптық даярлық, атыс дайындығы, әскери топографиялық сабақ және тактикалық жаттығулардан өтті.

Сондай-ақ, оқушылар Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан, Қазақстан Республикасының әскери доктринасы туралы лекциялар тыңдап, қаруды бұтарлау мен құрастыру, қашықтыққа жүгіру және басқа да спорттық сайыстарға қатысты. Рота бойынша тәуліктік кезекшілік міндеттерін атқарып, нағыз сарбаздарға тән ептілік пен батылдықтың алғашқы баспалдағынан өтуді жүзеге асырды. Шараның жабылу салтанатында жиын бастығы Нұрлыбек Мұса бес күндік оқу-далалық жиынына ұйымшылдықпен қатысқан оқушылар мен әскери жетекшілерге алғысын білдіріп, белсенділікпен көзге түскен бөлімше командирлерін дипломмен марапаттады.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521