Дүйсенбі күні Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің оқу базасында «IQanat» олимпиадасының аудандық кезеңі басталды.
2017 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан олимпиадаға аудандағы орта мектептерден 102 оқушы қатысуда. Тек 8-сынып оқушылары қатысатын білім сыны оқу сауаттылығы және математика пәнінен өтуде. Олимпиаданың ашылу салтанатында «IQanat» қоғамдық қорының Атырау облысы бойынша үйлестірушісі Ләззат Сәрсембаева мен аудандық әдістемелік орталық меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Ербол Хасанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.
Білім бәйгесіне қатысып жатқан Қарабау орта мектебінің 8-сынып оқушысы Гүлмайдан Мәдиқызы: «Бұл «IQanat» олимпиадасы біз үшін өз білімізді дәлелдеп, жоғары жетістікке жетуге өте керемет мүмкіндік. Әрі тоқсан аралық каникул кезінде ұйымдастырылып жатқаны да дұрыс болды. Бұл білім сайысында екі пәннен қатар тапсырма орындадық. Әрқайсысынан 27 сұрақ берілді. Сұрақтар аса күрделі болған жоқ, мектеп бағдарламасына сай жасалған» дейді. Олимпиаданы ұйымдастырушылардың айтуынша аудандық кезеңнің қорытындысы бір айдан соң белгілі болады. Республикалық «Дарын» орталығы әрбір оқушының нәтижесін мұқият қарап, жоғары ұпай жинағандарды облыстық кезеңге өткізеді. Ендеше, аудандық кезеңге қатысқан барлық жас өскіндерге сәттілік тілейміз.
Дулат МӘТЖАН