Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Миялы ауылына іссапармен келіп, тұрғындармен кездесті.
Су тасқыны кезінде «Миялы-Қарабау» автокөлік тас жолының жырылған жерінде өткен жүздесуде аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев Ойыл өзенінің ағу бағыты, су тасқыны кезінде атқарылған жұмыстармен таныстырып, қазіргі таңда тасқын судың беті қайтуына байланысты жырылған жолдың тұсынан қатынас үшін уақытша айналма жол салынып жатқанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта жырылған жерге бұрынғыдай тұрба салдырмай, пішіні төртбұрышты бетонның (скотопрогон) екеуін салуды жоспарлап отырғандығын мәлімдеді.
Ал, Ойыл жанашыры Есенбай Нұров:
- Қатынас үшін салынған тас жол су тасқыны кезінде бөгеттің рөлін атқарды. Жол бойында өзен үстіне салынған көпірдің су өткізгіштігі төмен. Сондықтан тас жолдың жырылған жерінен көпір салу қажет. Жоғары жақтағы заңсыз бөгеттердің бұзылуын түбегейлі шешу керектігін қаперге беріңізге беремін,- деген ұсынысын айтты. Оның ұсынысын мақұлдаған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов:
– Ауылға биылғы жылы су келді екен деп жоғарыдағы бөгеттерді ұмытып кетпеуіміз қажет. Сондықтан жақын арада олардың қаншалықты бұзылып жатқанын анықтап, маған мәлімдеңіздер. Бұл жұмыстарды орта жолда қалдырмай әрі қарай жалғастырамыз. Ал, су келген уақытта қауіп төндіретін жерлерді нақтылап, ол жерлерді дұрыстау үшін қанша қаражат қажет екендігін есептеген дұрыс. Мен тиісті жерлерге жеткіземін. Қалай болғанда да болашақта су келгенде жолды қайта-қайта бұзып жүрмеуіміз қажет, - деді.
Кездесуде ауыл тұрғындары Мәлік Сүлейменов, Хамидолла Әбдірахманов, Зейнолла Баймұратовтар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Бауыржан САҚТАСИНОВ