Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада фракция отырысы өтті

 «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастауыш партия ұйымында «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.

Оған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев, облыстық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Амангелді Абдолов, фракция мүшелері Ізтұрған Баймұханов, Мақсот Әбуов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Толқын Бейсқали, аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов және партия атынан сайланған аудандық мәслихат депуттаттары қатысты.

Жиынға төрағалық еткен фракция мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Айбар Алтыбаев қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, отырыстың жұмыс регламентін бекітті. Содан кейін, мінбеге көтерілген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының аудандағы орындалысы бойынша баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, аудан бойынша былтырғы жылға жоспарланған 78 іс-шара 98,7 пайызға орындалды. Сондай-ақ, өткен жылы аудан бойынша 4 кәсіпкерлік нысан, Мұқыр ауылынан 424 орындық мектеп ашылып, аудандық орталық аурухананың «Жедел жәрдем» бөліміне 2 автокөлік берілді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Сағыз бен Миялы ауылының орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары басталып,  биылғы жылы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек инженерлік-инфрқұрылымды дамыту бағытында 73,6 шақырымға су, газ, электр желілерін тарту көзделіп, оның 18,5 шақырымы тартылды.  Қалған жұмыстар биылғы жылы толық аяқталады. Партияның сайлауалды бағдарламасындағы «Қауіпсіз аймақ» бағыты бойынша Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарына 12 бейнекамера мен 68 жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ, биылғы жылы аудандық полиция бөлімінің ғимараты пайдалануға берілетін болады. Өткен жылы жоспарланған іс-шаралардың тек біреуі ғана орындалмай қалды. Ол – Тасшағыл ауылында салынып жатқан мәдениет үйі. Қазіргі таңда құрылыс жұмысының тек 35 пайызы орындалған.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев ауданды дамыту бағытында бірқатар ұсыныстар айтса, бұдан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық фракция жетекшісі Амангелді Абдолов хабарлама жасаған:

 –  Қазіргі таңда, күн тәртібінде мәслихат депуттарының белсенділігін арттырып, рейтингісін көтеру мәселесі өткір тұр. Себебі, біздің депутаттар жұмыс жасағанымен әлеуметтік желілерде оны көрсете бермейді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Депутаттар сайлаудың алдында өздері берген уәдесін орындамаса, мандатын тапсыру тиіс» деп атап өтті. Осыны басшылыққа алып,  халық қалаулылары жұмысты күшейтіп, белсенді болу керек– деді ол. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жарыссөз аяқталған соң жиын төрағасы отырыстың қаулысын қабылдап,   жиынды қорытындылады.

 

Дулат БЕРІК

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT