Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жыл қорытындысы: Индерде қандай жұмыстар жасалды?

Индер ауданында бүгінде 35 мыңға жуық адам өмір сүріп жатыр. Аудандық әкімдік бастамасымен биыл бірқатар жұмыстар атқарылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Биылғы бір жаңалық, аудандағы тұрғын үйлердің қабырғаларына тарихи-тағылымдық көркем суреттер салынды. Қоғамдық көліктерге арналған жаңа аялдамалар құрылысы аяқталды. Жаяу жүргіншілер жолдары жай жөндеуден өтті. Орталық демалыс аймағында жарық шамдары ауыстырылды. Келесі жылға да абаттандыру мен тазалық жұмыстары жоспарланып отыр» дейді Индербор кентінің әкімі Шалқар Әлмурзиев.

   

Айта кетейік, аудан орталығында 16 мың тұрғын бар. Олар барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтылған. Балаларға арналған ойын алаңдары да жетерлік. Тіпті, кинотеатр да ашылған.

Тағы бір қуанышты жаңалық, ауданда заманауи тұрғын үйлер салынып, қолданысқа берілуде. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған автоматты көтеру құрылғысымен қамтылған.

«2021 жылы құрылысы басталған 80 пәтерлік бес қабатты тұрғын үй биыл пайдалануға берілді. Ал, оған дейін 48 пәтерлік төрт қабатты төрт үй, яғни, 192 пәтер өз иелерін тапқан болатын. Сондай-ақ, алдымыздағы 2025 жылы тағы бір 80 пәтерлі бес қабатты үйді пайдалануға беретін боламыз. Жасыратыны жоқ, «сақалды құрылыстар» да орын алды. Олардың мердігер мекемелерімен келісімшарт бұзылып, жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуде. Жаңа мердігер тағайындалған соң, құрылыс жұмыстары жалғасатын болады» деп сендірді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясов.   

Биылғы өр суының арнасынан асып, тасқынға ұласуы салдарынан біраз жол жапа шеккен болатын. Соның ішінде негізгі болып саналатын Атырау-Индер тасжолының құрылысы да қарқынын жоғалтып алды. Әзірге көліктер айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр.

«Биыл тек 25 мың шақырым жолды ғана салып үлгереміз. Ал, қалғаны келесі жылға ауыстырылды. Жалпы, бұл жұмыстар биыл желтоқсан айында бітуі тиіс болатын. Бірақ, су тасқыны барлық жоспарымызды бұзды. Қазір мұнда 25 техника жұмыс жасап жатыр» дейді мердігер мекеме өкілі Өтесін Тасқалиұлы.  

Енді ең бастысы, аталған жол атақты Атырау-Астрахан тасжолының тағдырын қайталамаса болғаны дейді тұрғындар.

Бұдан бөлек, биыл ауданды тәулігіне 2400 текше метр сумен қамтып отырған «Индерсу» мекемесінде су қондырғылары жаңарып, жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

«Негізі, ауданға 2400 текше метр су керек. Соны 3200 текше метрге көбейту үшін реконструкция жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Рас, биылғы тасқын кезінде бірқатар қиындықтар орын алды. Бірақ, халықты сумен қамту жұмыстары бір мезетке де үзілген жоқ» дейді аталған кәсіпорын басшысы Тельман Ерғазиев.

Сонымен қатар, ауданның ауыл шаруашылығында да биыл азды-кем өсім бар екенін білдік.   

«Ауданда негізінен мал және егін шаруашылықтары жақсы дамыған. Биылғы он айда ауылшаруашылық өнімінің көлемі 101,9 пайызға артып отыр. Соның ішінде, төрт түліктен 4 миллиард 204 миллион теңге өнім алынса, ал, егістік алқабы 30 гектарға дейін ұлғайып отыр. Мал басына келсек, сиыр 28,7 мың, жылқы 17,7 мың, түйе 4,8 мың, қой 99,6 мыңға өскен. Сол секілді, ауданда суландыру жүйесі де жолға қойылып, қазір төрт канал жөндеуден өтіп жатыр» дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.

Ауданда кәсіпкерлік саласы да кең қанат жайып келеді.

«2021 жылы ауданда 1899 кәсіпкер болса, биыл 2220-ны құрап отыр. Өткен жылы 26 кәсіпкерлік нысан ашылып, 43 адам жұмыспен қамтылды. Ал, биыл оған тағы 12 нысан қосылып, 23 тұрғынға жаңа жұмыс орны пайда болды. Жалпы, шағын және орта бизнес саласында барлығы 3800 адам жұмыспен қамтылып отыр» дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айгүл Үмітқалиева.   

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT