Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖОСПАРСЫЗ ЖҰМЫСТА ЖҮЙЕ БОЛМАЙДЫ

Аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезекті ХХІІ сессиясының отырысы өтті.

Аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов төрағалық еткен сессияда күн тәртібіне сәйкес аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың «Қызылқоға ауданының 2022 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы» есебі тыңдалды. Баяндамадан білгеніміздей, ауданда өнеркәсіп саласы бойынша сегіз айда өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 105,3 пайызды құраса, осы уақытта негізгі капиталға жұмсалған инвестицияның көлем индексі 90 пайыз болды. Ал, бюджеттік салық және басқа да міндетті төлемдер 171,6 пайызға жетсе, жергілікті бюджеттік түсімдер 129,7 пайызға орындалды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 103,3 пайызға, қой-ешкі 102,8 пайызға, жылқы 102,9 пайызға, түйе 102,6 пайызға өссе, ет өндіру 101,5 пайызға, сүт өндіру 103,2 пайызға орындалып, ауыл шаруашылығының жалпы өнім индексі 101,8 пайызды құрады.

9b457de4-4af5-479c-9e06-e9b48fe259ff

Есепті мерзім ішінде аудандағы шаруа қожалықтары мен шаруашылық құрылымдарға асыл тұқымды малдарды сатып алу және тұқымдық түрлендіру, селекциялық жұмыстар үшін, мал азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату мақсатында және инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субьектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша 244 миллион көлемінде мемлекеттік субсидия берілді. Автокөлік жолдарын жаңғырту бағытында Миялы, Сағыз және Мұқыр ауылдарында жалпы ұзындығы 43,5 шақырымды құрайтын 6 жоба жүзеге асырылып жатса, «Миялы-Тайсойған» және «Миялы-Шұбарши» автокөлік жолдарының құрылысы үшін жоба жасақталуда. Ал, ауыз сумен қамту бағытында  «Тайсойған-Миялы» магистральды су құбырының құрылысына жоба дайындалып, мердігер анықталса, «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырына қайта жаңғырту» жобасы дайындалды. Аталмыш жобаларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  Су ресурстар комитетінің теңгеріміне беріліп, құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау жоспарлануда. Айдын, Бүйрек, Қосқұлақ және Кенбай елді мекендеріне 9,4 шақырым ауылішілік су құбыры тартылып, 99 тұрғын үйге су құбыры жүргізілсе, Тасқұдық ауылын ауыз сумен жабдықтауға жоба жасақталды. Сондай-ақ, қалған сегіз елді мекенді ауыз сумен жабдықтау үшін жоба дайындалып, сараптама қорытындылары алынды. Табиғи газ жүргізілмеген алты елді мекенді газбен қамту жұмыстары жалғасып жатса, ауданда электр желілерінің құрылысы бойынша сегіз жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері алты дәрігер (хирург, анестезиолог-реаниматолог, УДЗ және жалпы тәжірибе дәрігері) жұмысқа орналасты. Дегенмен әлі де ауданда лор, офтальмолог, рентгенолог, неонатолог, уролог, педиатр және үш жалпы тәжірибе дәрігері жетіспейді.   

– Қазіргі таңда ауданға қарасты әр округтегі, әр елді мекендегі қордаланып қалған мәселелерді айқындап, әрі  қарай бес жылға жұмыс жоспарын жасақтау мақсатында ауылдық округтерді аралап келемін. Өйткені жоспарсыз жасалған жұмыс уақытты зая кетіреді. Аралау барысында округ тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, сіздермен бірге жұмыс жоспарын мақұлдап, іске асыруға жұмыстанатын боламын, - деді аудан әкімі Қанат Әзмұханов.

ca42993d-ba6a-489f-bbae-0ffc09771041

Бұдан кейін аудандық мәслихат депутаттары Сәндігүл Дәуленова мен Беркінбай Сұлтанов Сағыз ауылының 1-ші және 2-ші ауылдарының электр желілерін жаңғырту үшін жасақталған жоба кейінге қалып қоймай, уақытымен біткені дұрыс. Мұғалімдерге берілетін коммуналдық қаржының көлемін көбейтіп, Сағыз спорт кешені өз алдына дербес спорт мектебі етіп ашылып, ауылдық округі әкімдігіне жаңа ғимарат салынса игі.  Сағыз ауылдық округінің тазалығына қаралған қаражат жетпейді, соны  көбейту қажет деген ұсыныстарын жеткізді. Депутаттардың ұсынысына жауап берген аудан басшысы:

«Сағыз ауылында электр желілерін жаңғырту жұмыстары келесі жылға облыстық, республикалық бюджеттен қаржы қаралса жұмыс басталады. Қаржы мәселесін шешу менің міндетім. Ал, мұғалімдерге берілетін коммуналдық қаржының көлемін көбейту туралы анықтап, хабарын беремін.Сағыз спорт кешенін дербес спорт мектебі ретінде ашуға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына ұсыныс беріледі.  Тазалыққа қажет қаражаттың мәселесін алдымен зерттеп, нақты қанша қаржы қажет екендігін анықтаймыз» деп жауап берді.

Сондай-ақ, сессия отырысында аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Әнжанованың  бөлімде  атқарған жұмысы туралы хабарламасы тыңдалды. Бұл ретте, аудандық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратовтың «Кәсіпкерлердің қолдауымен жаһандық ұстаздарды даярлау мақсатында құрылған «Mugalim Development & Scolarship program» әлеуметтік жобасына ауданнан ешкім қатыспай отыр. Білікті мамандар дайындайтын тегін жобаға оқып жатқан студенттерді қатысуға ықпал етсеңіз» деген ұсынысына хабарламашы:

– Бұл жобаны өткен жылы мектеп бітіруші түлектерге егжей-тегжейлі таныстырдық. Алайда, ешкім ниет білдірмеді. Енді биыл оқуға түскен студенттермен жолығып, барамын деушілер болса жобаға қатыстыруға жұмыстанамыз, - деп жауап берді.

Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып болған соң, депутаттардың дауыс беруімен шешім қабылданды.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT