«Қарттарын қадірлеген ел бақытты» демекші, «Арай» мейрамханасында аудандағы ардагерлердің басын қосып, дастархан жайылды. Онда алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков қазыналы қарттарды төл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі. Одан соң, «Арман» мәдениет үйінде «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында концерт болып өтті.
Сахна «Ақжелең» Халықтық фольклорлық ансамблінің орындауындағы халық күйі «Жайма қоңырмен» ашылды. Осы орындауда «Торы жорға», «Адай» күйлері күмбірлетіліп, ансамбльдің сүйемелдеуімен Зәуре Жұмағалиева «Туған жер», Ләззат Тастаева «Ахау керім» әндерін орындады. Қоңыр үнді Назира Шоқан мен Амандық Төлегенов «Еділ-Жайық», Балжан Мизамқызы «Қарттарым аман сау жүрші», «Білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» медалінің иегері, «Кәсіподақтың үздігі», спорт ардагері Оңаш Құмаров «Бір бала», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қызылқоға ауданының «Құрметті азаматы» Жәния Ізбасқан «Ұрпаққа аманат», «Балалық шаққа саяхат», Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Сағидолла Яқып «Ақсиса», «Әжелер» ансамблі «Жасай бер, қазақ», облыстық термешілер байқауының жеңімпазы.
Иғали Ізтұрғанов «Паң көйлек», Аманқос Нұржан мен Заманбек Абзалұлы «Туған жер» әндерін тамылжыта шырқаса, «Ойыл аруы» кіші бишілер тобы «Қара жорға», «Жұлдыз-ай» Үлгілі би ұжымы «Есіл еркелері» биін мың бұрала биледі.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА