Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Аудан әкімі Тасшағыл тұрғындарымен кездесті

Халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асуды мақсат еткен аудан әкімі Қанат Әзмұханов Тасшағыл ауылдық округіне қарасты Қоғам, Қоныстану елді мекендерінде болып, сондағы тұрғындармен кездесті.

Кездесуде қоғамдықтар ауыз су, жұмыс мәселесін көтеріп, қазіргі таңда бұзылып қалған Ойыл өзені бойындағы көпірді қатынас үшін қалыпқа келтірсе игі деген тілектерін жеткізсе, қоныстанулық тұрғын Мариям Боранбаева «Ауылымызға ауыз су мен медбибі қажет» деген пікірін білдірді. Бұл ретте, аудан басшысының айтуынша, екі елді мекенге де келесі жылы ауыз су құбыры тартылады. Жұмысқа орналасу кезектілік тәртібімен жүзеге асады. Көпір мәселесін шешу бағытында жұмыстар жүргізіледі.

Бұдан кейін Тасшағыл ауылына келген аудан әкімі салынып жатқан мәдениет үйі құрылысының жұмыстарымен танысты. Өткен жылдары бітуі тиіс құрылыстың әлі күнге дейін аяқталмау себебін сұраған аудан әкімі мердігер мекеменің өкіліне:  «Құрылысты нақты қашан бітіресіздер?» деген сауал қойды.  Бұл сауалға  мердігер мекеменің өкілі «Екі айда толық бітіреміз» деп жауап берді. Жауапқа  қанағаттанбаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов: «Жұмыстың атқарылу бағытын қадағалап, құрылыстың нақты қашан бітетінін біліп отыру үшін әр апта сайын жасайтын жұмыстарыңызды белгілеп, жоспар жасап беріңіз» деген тапсырма  берді.  Сондай-ақ, аудан басшысы Тасшағыл дәрігерлік амбулаториясының, өрт сөндіру депосының жұмысымен танысқан соң Тасшағыл орта мектебінде округ тұрғындарымен кездесті.

Онда өз пікірін білдірген ауыл тұрғыны Оңғар Жанықұлов:

– Бізде өр суы өзекті мәселе болып тұр. Өйткені өр суы тасығанда бізге ең соңынан келеді. Сондықтан, Ойыл ауылдық округіне қарасты «Жалаңашкөлден» Көздіғара өзегіне және осы өзектің төменгі ағысында орналасқан Қосқұлақ елді мекені тұсынан «Бәйтік», «Арал» көлдеріне  құятын канал қазу қажет. Сондай-ақ, ауылішілік және кірме жол мәселесі, ұзаққа созылып кеткен мәдениет үйі құрылысының мәселесі де күн тәртібінде тұр. Тағы бір айта кетер жайт, қазір жылқы малы көбейіп кетті. Жылқының көптігінен жер тозып барады. Олардың барлығы дерлік базаға тіркелмеген. Бұл заң жүзінде иесі жоқ деген сөз. Сондықтан оларды таңбалап, базаға енгізу жұмыстарын қолға алу қажет, - деді. Оның сөзін құптаған ауыл тұрғыны Шаттық Базарбаев ауылда мүйізді ірі қара малының да көбейгенін тілге тиек етіп, сиырлардың түске дейін көшеде жататындығын, алдағы уақытта оларды бағуға бақташы шығару жұмыстарын ұйымдастырса игі  деген тілегін білдірді. Бұған қоса, кездесуде тұрғындар баспана мәселесі, қаңғыбас иттердің көбейгені туралы өз пікірлерін жеткізді.

Олардың ұсыныс-пікірлеріне жауап берген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Кездесуге дейін әлеуметтік нысандарды, салынып жатқан құрылысты араладым. Мердігер мекеме өкіліне тиісті тапсырмасы берілді. Құрылыс ауыл тұрғындары үшін салынып жатқандықтан, қоғамдастық мүшелері, қоғам белсенділері тарапынан, қатаң бақылау  қажет. Дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өрт сөндіру көлігі жарамсыз күйде екен. Оны шешу жолдарын қарастырамыз. Спорт кешені құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайын, келесі жылы қаржы қаралса бастаймыз. Ауылішілік 8,3 шақырым және 6,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолының жобалық-сметалық құжаттарын жасақтаймыз. Канал қазу жұмыстарын қолдаймын. Дегенмен, оны зерттеп-зерделеп шешу жолдарын қарастырамыз. Ал, жылқы мәселесіне келсек, әр бас мал базаға тіркелуі тиіс. Бұл, алдағы уақытта тексеріледі. Иттердің көбейіп жатқаны анық. Алайда,  жаңа заңға байланысты ит атуға болмайды. Осы орайда, әрбір тұрғын ит қауып алудың алдын алу керек. Мойындауымыз керек, әр адам күшікті өсіріп көшеге жіберіп қойғанда жауапкершілікті сезінбейтініміз анық. Ал егер баламызды қауып алса  «Кім жауап береді?» деп  кінәліні іздеп шығамыз.  Сондықтан, әрбір тұрғын жауапкершілікпен қарап, заңдылық тұрғыда паспортын алу керек. Сонда иттерден ешқандай қауіп те, біреудің иті, біреудің баласын қауып алыпты деген әңгіме де болмайды деп есептеймін.  Округтегі жасалатын әр жұмыс осы округ тұрғындары үшін жасалады. Оған баршамыз атсалысуға тиіспіз. Сіздермен ақылдаса отырып,  ауылға бірінші кезекте не керектігін анықтап, соны шешуіміз қажет. Ауызбіршілікпен атқарылған істің қашанда берекесі мол болатыны анық. Сондықтан, барлығымыз ауызбіршілікте, ынтымақта болайық!, - деді.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

Суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT