Бүгін аудан әкімдігінде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда ауылдарды су басу қаупінің алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстар мен Ойыл өзені бойындағы округтерге қарасты елді мекендердегі су тасқынынан қорғану жәйі талқыланды.
Штаб отырысындағы негізгі мәселе - қазіргі таңда тасқын судың деңгейі көбейді. Бұл ретте, Көздіғара ауылдық округін тасқын судан қалай қорғаймыз? Шын мәнінде, аталмыш округте су басу қаупі орын алған жағдайда Миялы-Қарабау-Индер тас жолының Жасқайрат- Қоныстану ауылдарының арасындағы тас жолды бұзу қажет пе? Міне, сол сұрақтардың ақылдасу арқылы шешімін табу мақсатында, штаб отырысына Ойыл, Көздіғара ауылдық округтерінің тұрғындары, ақсақалдар, белсенділермен қатар, су шаруашылығының ардагері Қамидолла Абдрахманов шақыртылып, ақыл-кеңестері тыңдалды. Штаб отырысында, пікірлер екіге жарылды. Мәселен, Көздіғара ауылдық округінің тұрғындары жолды бұзу керек десе, Ойыл ауылдық округінің тұрғындары жолды әзір бұзуға болмайтындығын алға тартты. Бірақ, екі жақтың пікірі "Тасқын судан ауылдарды қалайда аман сақтап қалу керек" дегенге саяды. Бұл ретте, "Ойыл өзені бойынан аққан су Кез-Ауыз су торабынан су ағып жатса да, толыққанды ақпай тұр. Онда әр түрлі кедергілер бар. Сол жерді кеңейтіп, басқа жағынан бұзу керек" деген пікірдің жаны бар екендігі көрінді. Комиссия отырысын қорытындылаған комиссия төрағасы, аудан әкімі Қанат Әзмұханов: - Әрине, ауылды су басу қаупі анық байқалса, онда жоғарыда айтылған жол жырылады. Көздіғара ауылдық округінде оның жұмысын атқаратын арнайы трактор дайын тұр. Кез-Ауыз су торабы бөгетінің қасынан 1 километр берірек бөгетті жыру жоспарымыз бар еді, сол жоспар бүгін жүзеге асады. Көздіғара ауылдық округінің әкіміне арғы бетте қалған 5 үйге қосымша бөгет тұрғызып, бөгет салуды, ауылдың ортасынан өтіп жатқан канал бойындағы бөгетті тұрғызу жұмыстарын жалғастыру үшін бүгін тағы да қосымша техника апаруды тапсырамын, - деді. Сондай-ақ, аудан басшысы тиісті сала басшыларына нақты тапсырма беріп, қауіпті сейілту бағытындағы жұмыстарды тоқтатпау қажеттігін тапсырды.