Бейсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау жөнінде актив мәжілісі өтті.
Жиынды аудан әкімі Арман Баженов жүргізіп отырды. Сонымен қатар, аталмыш жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсот Мұқанов, облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышев, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудандық мәслихат депутаттары, мекемелер мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйымдар, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Актив жиынында аудан әкімі Арман Баженов «Халық табысының өсуі», «Тұрмыс сапасын арттыру», «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру», «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат», «Тиімді сыртқы саясат», «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» атты негізгі алты бағыттан тұратын саяси құжаттың мәні мен мағынасына жеке-жеке тоқталып, осы бағытта аудан төңірегінде атқарылып жатқан істерден хабардар етті.
Мәжілісте сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсот Мұқанов Жолдауда ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуда баса назар аударылып отырғандығын атап өтіп, бұл тұрғыда облыс көлемінде атқарылар бірқатар мәселелерді баяндаса, облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышев Елбасының медицина саласына айтарлықтай көңіл бөлуі әр медициналық қызметкердің көкірегіне жылу ұялатып, өз кәсіби міндеттерін орындауға бар күштерін жұмсайтынын тілге тиек етті.
Ал, жарыссөзге шыққан ардагер ұстаз Құмар Хасанов, «Бірлік-Миялы» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы, жеке кәсіпкер Айжан Ізімова Жолдауда көтерілген мәселер бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
– Жолдау алдымызға көптеген міндеттер жүктеп отыр. Оны жүзеге асыруға жұмылу баршамыз үшін басты міндет. Осы жолда жұмыла қызмет жасауға баршаңызды шақырамын, - деп аудан басшысы Арман Баженов актив жиынын қорытындылады.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.