Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі.
Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие», деп ерекше атап өткені белгілі. Ауданымызда жол саласын жаңғырту үшін қыруар қаражат бөлініп, көптеген игі істер атқарылуда. Соның нәтижесінде, жаңадан елдімекенаралық, ауылішілік жолдар салынуда.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауданға қарасты жолдың жалпы ұзындығы 722,8 шақырым. Оның 138 шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға жатса, 279,7 шақырымы облыс құзіретіне кіреді. Ал, 304,5 шақырымдық жол жергілікті маңызы бар жолдардың қатарында. Бүгінгі күні облыстық маңызы бар жолдардың, яғни 114 шақырымдық «Сағыз-Миялы» тас жолы 2012 жылы пайдалануға берілсе, бүгінгі күні 165,7 шақырымды құрайтын «Миялы-Қарабау-Индер» автокөлік жолына асфальт төселуде. 2013-2019 жылдар аралығында салынатын бұл жол құрылысының 105 шақырымы толықтай асфальтталды. Қалғаны келер жылдың еншісінде.
Алайда, жаңадан салынған автокөлік жолдарын күтіп ұстамаса тез тозып, бүлінеді. Бүлінген жолдарды қалпына келтіру оңай емес. Оған дәлел, «Сағыз-Миялы» тас жолының қазіргі жәй-күйі. Аталмыш жолдың қазіргі күйі көңіл көншітпейді. Кезінде қатаң бақылаудың болмағанынан ауыр салмақтағы жүк көліктері жүріп жолдың ойылуына, толқынданып бүлінуіне соқтырды. Ал, бұл өз кезегінде көліктердің қалыпты қозғалысына әсер етіп, апатты жағдайды туындатуы ықтимал. Алдағы уақыттарда бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін қандай жұмыстарды қолға алу қажет? Жолымызды ұзақ уақыт жарамды күйінде пайдалану үшін не істеу керек? Осы бағытта оқырмандар назарына тиісті мамандар мен тұрғындар пікірін ұсынып отырмыз.
Ауыр жүк көліктері жолды бүлдіреді
Ауданда тақтайдай тегіс жолдың салынғаны барлығымызға да тиімді. Жолың тегіс болса жолаушылар баратын жеріне шаршамай тез жетеді. «Сағыз-Миялы» тас жолы салынғаннан бастап жеңіл көлікпен жолаушылар тасымалымен айналысып келемін. Осы тас жол салынған кезде қуанған болатынбыз. Бірақ қуанышымыз екі-үш жылға ғана созылды. Өйткені, қадағалаудың жоқтығынан жолымыз бүлінді. Сағыз стансасынан жүк тиеген 40 тонналық жүк көліктері жаз бойы ерсілі-қарсылы жүргендіктен жол ойылып, шұңқырлар пайда болды. Түрлі жарықшақтар пайда болып, кей жерлері көтеріліп кеткен. Неге олар жүк тиеген соң басқа жолмен жүрмейді?
Бұл туралы такси жүргізушілері кезінде аудан әкімдігіне барып, айтқан болатын. Нәтиже шықпады. Бар болғаны жол құрылысын жүргізген мердігер компания жолдың бүлінген жерлерін жамап-жасқап қойды. Биылғы жылы да «Миялы-Қарабау» бағытында жол салып жатқан мердігер мекеменің көліктері Сағыз стансасынан жүк тиеп шыққан соң жолдың бір бағытымен жүргендіктен жолдың оң қапталы да толқынданып кетті. Жүк көліктерінің жүргізушілеріне ескерткенімізбен құлақ аспайды. Бұл бағытта жол патрульдік полиция қызметкерлері жұмыс жасауы тиіс. Жолдың көтеретін салмағына қарай тиісті белгілер орнатылғаны дұрыс. Сондай-ақ, күтіп-баптаудың тиісті дәрежеде жүргізілмеуінен жазда жол жиегінде өскен шөптер шала шабылады, суағарлар тазаланбайды. Қыс мезгілінде қардың тазалануы да нашар. Бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен жол бойына жиналған су жолды бүлдіреді. Сондықтан, осы қателіктен қорытынды шығарып, алдағы уақытта салынып жатқан жолдарды күтіп ұстауға жұмыстануымыз қажет. Сондай-ақ, құрылыс жұмысы жүріп жатқан жолдардың сапасына қадағалау жасап, ауыр салмақтағы жүк көліктердің жүруіне тосқауыл қойған абзал.
Дүйсенғали ӘЛМЕНОВ, таксист.
Миялы ауылы
Қатаң бақылау қажет
Ел экономикасы қарыштап дамыған сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Ауданымызға көгілдір отынмен бірге ауызсу желілері жүргізіліп, пайдалануға берілді. Енді елдімекен аралық, ауылішілік жолдарды салу қолға алынды. Жол болған жерде өмір бар екені белгілі. Соның бір айғағы Сағыз ауылына кірме жол, ауылішілік жолдың құрылысы жүруде. Биылғы жылы басталған 6 800 метр жол келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Алға қарай да ауылымызда жол құрылысы жалғаса бермек. Алайда, көзіміз көріп жүргендей салынып жатқан жолдың сапасы қунарлық жағдайда емес. Жолдың негізгі табанын дайындаған мекеме үстіне щебень төгіп, тегістемегендіктен жақында жауған жаңбырдан топырақтары сумен ағып, жыралар пайда болды. Жолшылардың түсіндіруінше, тапсырыс берушілердің тиісті қаржыларын бөлмеуі қажетті материалдарды алуға кедергі келтіруде. Бірақ бұл сылтау емесі анық. Қайткенде де жол сапасына айырықша көңіл бөлу қажет. Жергілікті билік қоғамдық ұйымдардан, ақсақалдардан комиссия құрып бақылау жасауына күш салынғаны дұрыс. Сондай-ақ, салынған жолды күтіп ұстайтын маман болуы керек. Бұрындары белгілі мекемелерге тапсыратын. Ал, қазіргі жағдайда ауданнан жолдарды қарайтын бір мекеме құрылғаны тиімді. Немесе, жолдарды ақылы негізге көшіру қажет. Түскен қаражат жолдарды күтіп ұстауға жұмсалатындай жағдайда болғаны жөн.
Байғали ДОСЫМБАЕВ,
ауданның Құрметті азаматы.
Сағыз ауылы
Жолды күтіп-баптайтын мекеме керек
Елімізде жол құрылысы 15 тонналық, 25 тонналық және 50 тоннаға дейін жүк көтергіштігіне қарай үш санатқа бөлінеді. Ауданда салынған «Сағыз-Миялы» тас жолы 15 тонналық санатында. Яғни, аталмыш жол үстімен 15 тоннадан артық жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Алайда, бақылаудың жоқтығынан жол салынғаннан бері 25-40 тонналық жүк көліктері жүріп, жолды бүлдіруде. Өткен жылдан бері бұл ауыр салмақтағы жүк көліктерін қолданыстан алып тастағанмен шамадан артық жүк тиеген көліктер жол үстімен жұмыстарын әрі қарай жалғастыруда. Бұл әрі қарай жалғаса берсе жолды әбден бүлдіріп, мүлдем жарамсыз етуі мүмкін. Ал, салынған жолды қашан бітіреді деп қарап отырмай бітіп тұрған учаскелер тапсырыла берілуі тиіс. Тапсырылған жолдарға күтіп-баптайтын мекемелер шығатыны сөзсіз. Егер салынған жолдар тапсырылмаса күтімсіз тұра береді де ешкім қадағаламағасын бүліне бастайды. Негізінен мүмкіндік болса техникалық қызмет көрсету, жөндеу және қалпына келтіру бағытында арнайы мекеменің ашылғаны дұрыс. Жолды негізінен шамадан тыс жүк тиеген көліктер, жол бойына жиналған су бүлдіреді. Сондықтан, ауыр салмақтағы жүк көліктерін жол үстімен жүргізбеуді қолға алып, су жиналмас үшін суағарларды тазартып, қар ұстамас үшін жол жиегіндегі шөптерді уақытымен шабу керек. Сол сияқты, жол белгілерін орналастыруды да сауаттылықпен жүргізген абзал.
Бағытжан НҰРМАҒАНБЕТОВ,
техникалық қадағалаушы.
Атырау қаласы
Жұмыс сапасы көңіл көншітпейді
Биылғы жылы Сағыз ауылынан 6 800 метр кірме және ауылішілік жол құрылысы басталды. Ауылішілік жолдарды салу келесі жылы да жалғасын таппақ. Қазіргі таңда үшінші ауылдан жүргізілетін 6 500 метр жолдың құжаттары жасақталуда. Бұдан кейін тағы да 8000 метр жол салынады деп күтілуде. Жалпы, екі-үш жылда Сағыз ауылында 21 шақырымдық жол төселінеді. Бұл жолдар өз кезегінде ауылымыздың дамуына, өркендеуіне жол ашатыны сөзсіз. Бірақ, бүгінгі күні «ҚарасайСтройСервис» ЖШС жүргізіп жатқан жол құрылысының жұмысы көңіл көншітпейді. Жұмыстары сылбыр, өте баяу жүруде. Әсіресе, газ, су, байланыс желілері өткен жерлерде кідіріс көп. Техникалары да соңғы мезгілде көбейді. Келесі жылы асфальт төсеу үшін биыл жолдың негізгі табанын дайындап жатыр. Тегістелген жерге щебень төсемегендіктен ертеңгі күні еріген қардың, жауған жаңбырдың суы топырақты шайып кетуі мүмкін. Бұл орайда атқарылып жатқан жұмыстарды үнемі бақылауда ұстап, кемшіліктерді учаске басшысына ескертіп отырмыз. Алайда, бұл жолдарды ертеңгі күні бітіріп, тапсырғаннан кейін оны күтіп ұстауға округтің мүмкіндігі жоқ. Тиісті күтім жасалмағандықтан көптен күткен жолымызды аз уақыттың ішінде бүлдіріп алуымыз ықтимал. Сондықтан, орталықтан бір мекеме жабдықталып Сағыз ауылынан сол мекеменің бөлімшесі ашылса деймін. Ондай мүмкіндік болмаса қаржы қаралып, округке арнайы техникалар алу қажет.
Қуанай ІЗМАҒАНБЕТОВ,
Сағыз ауылдық округінің әкімі.
Сервистік қызмет көрсетуді ойластырған абзал
Күні кешеге дейін аудан орталығынан қашықта орналасқан Қарабау ауылының тұрғындары жол азабын тартып келе жатқан болатын. Көлік жүргізушілері шұқыры көп грейдердің үстінен қашып, шаңдатып қара жолмен жүретін еді. Көктемгі, күзгі лайсаңдарда, қысқы мезгілдерде аудан орталығына бару үшін амалдың жоқтығынан грейдердің үстімен жүретін. Біраз қиындықпен барып келгендегі тапқан табысыңның дені көліктің қосалқы бөлшектеріне кетеді. Ал, қазіргі таңда Миялыдан Қарабау бағытына салынып жатқан жолды ауылдастарымыз қашан бітеді деп тағатсыздана күтуде. Бүгінгі күні Қарабау ауылына 25 шақырымдай жетпей тұрған жол тұрып қалмай, қаржы қаралып келесі жылы да жалғасын тапса дейміз. Екі ортаға қатынап жүргенде байқағанымыз жолдың Миялыдан шыққандағы оң қапталы толқынданып бара жатыр. Себебі, бұл жолға қажетті материалдарды Сағыз стансасынан тасып жүрген жүк көліктерінің «еңбегі». Сонда бұларды тоқтататын, қой деп айтатын тиісті мамандар, аудан басшылары жоқ па? Егер осылай жалғаса берсе бұл жол Индер кентіне жеткенше Миялы жақ беті жарамсыз болып қалуы ықтимал. Сондықтан, қыруар қаржы бөліп аудан тұрғындары үшін салынып жатқан жолды дұрыс пайдаланайық. Тағы бір айта кетер жайт жол бойында мал көп. Әсіресе түн ішінде қауіпті. Бұл орайда, мал иелеріне ескертіліп, лажы болса тиісті шаралар қолданылса деймін. Сондай-ақ, кәсіпкерлер осы бастан жол бойына сервистік қызмет көрсету орындарын, яғни, тегершік және көлік жөндеу, дәмхана, шағын қонақ үйлерін ашса жақсы болар еді. Ертеңгі күні бұл жол толықтай аяқталғаннан кейін түрлі шаруаларымен жол жүретін жолаушылар көбейетіні сөзсіз.
Нұрлан ОРЫНБАСАРОВ,
көлік жүргізушісі.
Қарабау ауылы
Бұл жолдан айырылатын түріміз бар
Аудандағы жол мәселесі бүкіл аудан тұрғындарына ортақ деген ойдамын. Соңғы жылдары пайдалануға берілген жолдардың ұзамай бүлінгенін көргенде жаның ашиды. Әсіресе, ауданымыздың күре тамыры саналатын Миялы мен Сағыз ауылдары арасындағы жолдың ойлы-қырлы болып бүлінуі жұртшылықты алаңдатуда. Әрине, жол құрылысын жүргізген мердігер мекеме жолдың ойылып қалған жерлерін бітегенмен, нақты жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Жолды жуық арада қайта жаңғыртудан өткізбесе немесе күрделі жөндеу жүргізбесе бар жолымыздан айырылып қалу қаупі бар. Бұл мәселені өткен жылы ауданымызға жұмыс сапарымен келіп тұрғындармен кездескен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаевқа жеткізген едім. Менің сауалыма жауап берген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев жыл сайын «Сағыз-Миялы» тас жолына ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары жүретіндігін жеткізіп, күрделі жөндеу жұмыстары тек 10 жылдан кейін, ал, қайта жаңғырту жұмыстары 15 жылдан кейін жүргізілетінін тілге тиек еткен еді. Ал, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін уақыт келгенше бар мүмкіндігімізді пайдаланып, жолымызды бүлінуден сақтайық. Қыруар қаржы жұмсалып салынған автокөлік жолдары халық игілігіне дұрыс пайдаланылса дейміз.
Зинеден ОМАРОВ,
Миялы ауылының тұрғыны.
Ойлы-қырлы жерлер жол апатына ұшыратады
«Миялы-Сағыз» тас жолының бүліну себебі аудан көлемінде жол жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеменің ауыр жүк тасымалдағыш көлікті жүргізуінен болып отыр. Бұл бағытта ішкі істер қызметкерлері тарапынан арнайы рейдтер жүргізудің нәтижесінде жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамаған көліктер тоқтатылып, заңға сәйкес тиісті шаралар алынды. Бірақ жүргізушілер бұл алынған шарадан қорытынды шығармай, әлі де ауыр жүк тиеген көліктерімен тас жолдың үстімен жүруді тоқтатар емес. Ал, бүлінген жолдар сақтанып жүрмесе жол-көлік апатына соқтыруы мүмкін. Сондықтан, жол жүргенде, әсіресе түнгі мезгілдерде жол белгілерін назардан тыс қалдырмай, шама келгенше жылдамдықты асырмай абайлап жүрген абзал. Негізінен аудан көлемінде орын алған жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі жүргізушілердің жылдамдықты асырып жүргізуінен және түнгі уақытта төрт түлік малдың тас жол жиегінде жайылуынан болып отыр. Тас жол жиегіне жақын орналасқан елдімекендерде, шаруа қожалықтарында малды тас жол арқылы жайылымға айдау және түнгі уақытта арнайы аулаларға ұстамауы салдарынан биыл алты жол-көлік оқиғасы тіркелді. Айта кетсек, жол-көлік апатына «мал айдап өтетін» жол белгілерінің орнатылмауы да себеп болып отыр. Аталған кемшіліктерді жою мақсатында аудан әкіміне тас жол бойына арнайы жол белгілерін орнатуға ұсыныс жолданды.
Шынболат ХАМИДОЛЛИН,
аудандық ІІБ ӘПБ ӘТТ аға инспекторы полиция,
аға лейтенанты.
Жекеменшік серіктестік іске қосылса игі
Бұрын ауданды қазіргідей елдімекенаралық, ауылішілік қатқыл табанды тас жолдар болған жоқ. Көліктер тек «Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер» бағытында салынған грейдермен, қара жолдармен қатынады. Осы грейдерді күтіп-баптау үшін ауданда «Облыс жолдары» мемлекеттік мекемесінің бөлімшесі құрылып, жұмыс жасады. Бөлімше қажетті техникалармен, жұмысшылармен, білікті мамандармен қамтылды. Мекеме қызметкерлері қыс бойы жол бойын қуатты техникалармен қардан тазартса, күн жылына су жырып кеткен жыраларды бітеп, ой-шұқырды тегістейтін. Түсіп қалған жол белгілерін жаңартып, жылына екі мәрте сырлайтын. Қазіргі таңда ауданда жолды күтетін мекеме жоқ. Ал, күтімге алынбаған жол тозады. Нарық талабына сай жолдарды күтімге алу, жөндеу және басқа да жұмыстар жекеменшік серіктестіктер арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, жолды жекеменшік серіктестік арқылы күтімге алуды ұйымдастыру қажет деген ойдамын. Алайда, олардың жұмысын құзырлы орындар қатаң бақылауда ұстаған жөн.
Ержан ТҰРАШЕВ,
жол жөндеу мекемесінің байырғы қызметкері.
Түйін: Міне, аудан тұрғындарының жол жөніндегі ұсыныс-пікірлері осындай. Қайткенде де қыруар қаржы шығарып, халықтың игілігі үшін салынған жолды көздің қарашығындай сақтау кім-кімнің де басты міндеті. Сол себепті де құзырлы органдар жоғарыдағы ұсыныс-пікірлерді қаперге алып, назарларынан тыс қалдырмаса игі дейсің.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.