Сәрсенбі күні аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып жатқандарды ақпараттық қолдау мақсатында «Мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі» өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев төрағалық еткен жиынға аталмыш бағдарламаға қатысушылар мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Алдымен аудандығы кәсіпкерліктің даму бағытында қысқаша түсінік берген аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев:
– Биылғы жылдың сегіз айында ауданда шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 1511-ді құрап, өткен жылмен салыстырғанда бес пайызға артты. Тоғыз айдың ішінде 57 жоба 340,0 теңгенің несие қаражатымен қаржыландырылды. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша төрт кезеңде 124 адам оқыды. Бүгінгі жәрмеңке аталмыш бағдарлама бойынша білім алып жатқандарға кәсіпкерлікті ашу және жүргізу, қаржылай қолдау, жер телімдерін алу және бизнесті мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктеріне кеңестер беру бағытында ұйымдастырылып отыр. Сондықтан, осы жиынға қатысып отырған бөлім және мекеме басшыларына кәсіп ашу бағытында сауалдарыңызды қойсаңыздар, олар өздеріне қатысты мәселе бойынша нақты жауабын береді, – деді.
Жиында сөз алған бизнес тренер Жаңабек Сыдымановтың айтуынша, облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан болар ауданда кәсіпкерлікке деген белсенділіктің төменділігі байқалады. Негізінен кәсіпкерлікті дамытуға ауданда мүмкіндік мол. Сондықтан, әлі де үгіт-насихат жұмыстары жетілдірілуі қажет. «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысушыларға нақты түсінік берілгеннен кейін бірқатары бизнес-жоспарларын жасақтауда. Алдағы уақытта олардың кәсіптерінің дамуына құзырлы орындардың қолдауы қажет.
Кездесу барысында кәсіп ашуды көздегендер өз ойларын ортаға салып, сауалдарын жолдады. Мәселен, жангелдиндік Әсет Мұратов балық өсіру үшін Ойыл өзеніне жақын жерден тоған жасауға жерді қалай алуға болатынын сұраса, миялылық кәсіпкер Сағидолла Тасболатов кәсібін кеңейту мақсатында орталықтан ғимарат салуға жер телімі қажет екендігін жеткізді. Олардың сауалына жауап берген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралиннің түсіндіруінше, кәсіпкер алдымен жергілікті округ әкімдігіне мақсатын көрсетіп өтініш жазуы тиіс. Сол өтінішті негізге алып, өзен жағалауынан бос жерлер анықталады да конкурсқа беру арқылы жүзеге асырылады. Ал, Миялы ауылының орталығында кәсіпкерлік бағытта нысан салуға бос жатқан жер жоқ. Бекітілген бас жоспарға сәйкес кәсіпкерлік нысан салынатын жерлерден беріледі.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев жұмыссыз жүргендер мемлекеттің қолдауын пайдалану арқылы кәсіп ашып, дамыту қажет екенін атап өтті.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.