Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ЖҮГІ АУЫР, ЖӨНІ БӨЛЕК ЖОЛДАУ

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы ел арасында қызу қолдау тауып, барлық жерде талқылаулар жүріп жатқаны белгілі. Осы ретте, сейсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында президент Жолдауын талқылау, түсіндіру мақсатында жиын өтті. Оған аудан әкімі, аудандық мәслихат төрағасы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Жиында алдымен баяндама жасаған аудан әкімі қанат Әзмұханов:

 – Баршаңызға белгілі Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын.

Биылғы Жолдау «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деген атаумен жарияланды. Мемлекет басшысы Жолдауда цифрландыру, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, инвестиция тарту, адам капиталын дамыт, кәсіпкерлік жеті бағытқа басымдық берді. Бұл бағытта ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Атап айтқанда,  ауданда 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық  жобалар аясында құны  365,0 миллион теңгені  құрайтын 61 кәсіпкерлік ғимараттар салынып жатса, ауыл ашруашылығы саласында  61 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал бағумен айналысады. Бұл сала бойынша қожалық иелеріне жыл басынан бері 231 миллион теңге субсидия  берілді. Көлік-логистикасын дамыту бағытында «Тайсойған-Миялы», «Миялы-Шұбарши» жолдары құрылысы аяқталуға жақындаса, 115 шақырым болатын «Сағыз-Миялы» жолын жөндеу жұмыстары басталып кетті. Одан өзге су тасқыны салдарынан бүлінген «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» жолының 4,3 шақырымы жөнделіп, қауіпті тұстарға 10 су өткізгіш құбыры мен 5 мал өткелі орнатылды. Одан өзге Миялы, Сағыз, Мұқыр, Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану, Қарабау ауылдарында ауылішілік жолдардың құрылысы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Сағыз ауылында бірінші және екінші ауылдарының электр желілерін ауыстыру қыркүйек айында басталаса, Жангелдин, Қаракөл, Тасшағыл, Қарабау және Тайсойған ауылдарының жарықтандыру жобасы аяқталды. Бұған қоса аудан орталығы көшелерін жарықтандыру және жаяу жүргінші жолының құрылысы жүруде. Халықты баспанамен қамту бағытында 2022 жылы – 14 үй, 2023 жылы – 83 үй, 2024 жылы  84 үй беілсе, биыл 150 үй тұрғын үй беру жоспарланып отыр. Ауыз сумен қамту бағыты бойынша «Тайсойған-Миялы» су құбырының құрылысы жүргізілуде. Ойыл өзенінің арнасын тереңдету, тазалау жұмыстары мен Ноғайты өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары да қарқынды жүруде. Кәсіпкерлік бағытынжа осы жылдың бірінші тоқсанында 2 милиард 753 миллион теңгенің өнімі өндіріліп,  61 кәсіпкерлік  жоба 943 миллион теңге қаржылық қолдау алды. Цифрландыру саласы бойынша ауылдық округтерге барлығы 187 бейне камера орнатылса, барлық білім беру ұйымдары да бейне бақылау камераларымен қамтамасыз етілді. Ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандар мен инфрқұрылымды дамыту мақсатында Сағыз ауылынан өнер мектебіне және жастар орталығына жаңа ғимараттар сатып алынса, Жамансор ауылынан 80 орындық негізгі мектеп пен 30 орындық интернаттың құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта Қарабау ауылынан 120 орындық бастауыш мектептің және Сағыз ауылынан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп салу жоспарлануда. Одан өзге Мұқыр ауылындағы 400 орындық, Қарабау ауылында 300 орындық мәдениет үйлерінің құрылысын аяқталады. Аудан орталығында саябақ пен 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатса, Қарабау, Қоныстану, Қаракөл ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылысы аяқталады.  Сол сияқты Сағыз ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жапсаржай ғимаратымен бірге қайта жаңғырту жұмысы басталса, Мұқыр, Жангелдин, Тайсойған ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Ауданда бұдан басқа да іргелі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Әрине, мұның бәрі Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын көтеру туралы тапсырмасы аясында іске асып жатқаны белгілі. Осы ретте, жаңа Жолдауда айтылған тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыру барысында бірлесе жұмыс жасауға шақырамын, - деді.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң кезек жарыссөзге беріліп, онда жиынға қатысушылар кезек-кезек мінбеге көтеріліп, Жолдауда айтылған басым бағыттар мен жобалар жайлы хабарлама жасады. Жиын соңында аудан әкімі бұл Жолдауды халық арасында кеңірек насихаттап, мәні мен маңызын түсіндіру керектігін тілге тиек етті.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT