Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖЕҢІС КҮНІНДЕГІ АЛАМАН

Атаулы күндерде ат шаптырмаса ішкен асы бойына тарамайтын аудан тұрғындары Ұлы Жеңістің 80 жылдық тойында да аламан дода өткізіп, ауданды дүбірге бөледі. Аламан бәйге өтетіні туралы хабар бір апта бұрын таратылып, кешеден бастап жан-жақтан ат баптаған бапкерлер мен шабандоздар аудан орталығын бетке алған еді.

Ал, кеше таңертең Миялы ауылының шетіндегі бәйгетөбеге тұрғындар мен жанкүйерлер жиналып, аламанның басталуын асыға күтті. Сол аралықта сіркіреп жаңбыр жауып, бәйге алдында дала мен ауа бір тазарып қалды. Аудан әкімдігі мен облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өткен бәйге сағат он бірде тай жарыспен бастау алды. Оған барлығы 11 тай қатысып, олар бір айналым, үш шақырым қашықтыққа жарысты. Нәтижесінде, сағыздық Айболат Бисенов баптаған «Лэндер Ленд» тайы мәре сызығын бірінші (жүлдесі 500 мың теңге) болып кессе, екінші орынды (жүлдесі 400 мың теңге) көршілес Ақтөбе облысы, Ойыл ауданынан келген Қуандық Ермашевтың, үшінші орынды (жүлдесі 300 мың теңге) Орал қаласынан келген Абдрахман Боранбайдың, төртінші орынды (жүлдесі 200 мың теңге) сағыздық Есет Сакуповтың тайлары жеңіп алды. Он бес шақырымға созылған топ бәйгеде аудан атынан қатысқан жүйріктер жүлдеге іліне алмады. Есесіне маңғыстаулық, жылойлық, ақтөбелік тұлпарлар жүйріктігін дәлелдеп, жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Бұл додадағы көпшілік асыға күткен жарыс аламан бәйге еді. 21 шақырымдық аламанға барлығы он жүйрік қатысып, бірінші орынды (жүлдесі 1 миллион 500 мың теңге) жергілікті Бектұрған Бағытжанның «Мұқалмас» атты тұлпары жеңіп алса, онымен құйрық тістесе келген мұқырлық Райымбек Зайыровтың «Бүркіті» екінші орынды (жүлдесі 800 мың теңге), тайсойғандық Есенгелді Қосаевтың «Айтөбелі» үшінші орынды (жүлдесі 500 мың теңге) иеленді. Сөйтіп үш сағатқа созылған бәйге өз мәресіне жетіп, аудан халқына ұмытылмастай әсер қалдырды. Айтпақшы дәл осындай бәйге кеше Жангелдин, Ойыл ауылдық округінде де өтті. Мерекеге орай өткен дүбірлі додалар жайлы газетіміздің келесі санынан толығырақ оқи аласыздар.

Дулат БЕРІКҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT