Ұлы Жеңіс күні Сағыз ауылында ауыл тұрғындары, ардагер, аналар кеңестерінің төрағалары, мекеме қызметкерлері жастар паркіне жиналды.
Онда алдымен еліміздің көк туы көкке көтеріліп, Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстанов құттықтау сөз сөйледі. Жиырма жылдан астам уақыт елін жаудан қорғаған майдангерлер хақында зерттеу жүргізіп жүрген өлкетанушы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Серік Тұрыш пен жерлесіміз, аудандық "Қызылқоға " газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов 2017 жылы Сағыз ауылдық округінен Ұлы Отан соғысына қатысқан 516 адамды тізімдеп "Ерлікке тағзым" атты кітап шығарған-ды. Сол кітап негізінде 9 орта мектебін 1997 жылы бітірген 1980 жылы туған түлектер өздерінің 20 жылдық кездесуінде ауылға тарту ретінде әлгі 516 майдангердің аты-жөнін мемориалдық тақтаға қашап жазып, ескерткіш тақта орнатты. Биыл жоғарыдағы авторлар көз майын тауыса індете зерттеп 516 майдангерді 695-ке жеткізіп, мереке қарсаңында"Ерлікке тағзымның" екінші кітабын жарыққа шығарған еді. Бұл алғашқы кітаптың толықтырылған түрі. Онда тарихтан тағылым алар сыр жатқаны анық.Ұ Әлгі салтанатты шарада аталмыш авторлар кітаптың шығу себептерін түсіндіріп, осы кітаптың жарыққа шығуына демеуші болған жерлестері, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, "СНПС - Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамының Корпоративтік Қауіпсіздік жөніндегі бас менеджер, майдангер Дидар Сақтағановтың ұлы, Абай Сақтағанов, Оралбек Серікұлы, майдангер Хамзаның немересі Нұрлан Үкібаевтарға алғыстары зор екендігін білдірсе, 93 жастағы тыл ардагері Рахима Бекмағанбетова ана мен кітап авторы Серік Тұрыш жаңа кітаптың лентасын қиды. Бұдан кейін әр мекеме жеке-жеке шақырылып, олар Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сөйтіп, Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өз мәресіне жетті.
Кәмшат ӘБІШ
Суреттерді түсірген Жайлау Таласов