Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАС ЖАЙДАРМАНШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Кеше аудандық балалар кітапханасында аудандық балалар кітапханасының кітапханашылары Гүлдана Лұқпанова мен Ризагул Оңайбайқызының ұйымдастыруымен «Талантымен танылған» атты Б.Аманшин атындағы орта мектебінің 11- сынып оқушыларынан құралған «Бес саусақ» көңілді тапқырлар тобының мүшелерімен кездесу өтті.

Оған қатысқан жас жайдарманшылар Наргиза Айтжанқызы, Аружан Сағатқызы, Сабина Кәдір, Фатима Александр, Нұрсая Әлібектер кездесуде «Қандай мамандық таңдайсың?», «Кітап оқисың ба?», «Сахна сізге не үйретті?», «Кімді үлгі тұтасың?» сияқты сұрақтарға жауап беріп, өз ойларымен, қызықты сәттерімен бөлісті.

«Жайдарман - жастардың таланттарын шыңдап, сахна мәдениетін үйретіп, қоғам дамуындағы мәселелерді қағытпа қалжың, астарлы әзіл арқылы орамды ой түйдіретін ойын. Ауылға Жасұлан Сапаров ағамыз келіп болашақ жайдарманшылармен кездесіп, қолдау білдіріп, сахнаға шығуымызға себепкер болды. Былтырдан бері аудандық деңгейде ойын көрсетіп, облыс орталығының еңселі сахнасында өз өнерімізді көрсетіп, жүлделі орын алып, республикалық лигада ойнауға мүмкіндік алдық. Алдағы уақытта да республикалық ойында жақсы нәтиже көрсетеміз деген сенім бар» дейді «Бес саусақ» командасаның капитаны Сәбина Кәдір.

Кездесуде Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің оқушылары Тілекқабыл Ғалым «Домбыра», Нұрперзент Смағұл мен Медет Аманқос «Балбырауын» күйлерін нақышына келтіре орындап берсе, қонақтардан қонақкәде сұрап, Наргиза Айтжанқызы М.Мақатевтың «Ана сен бақыттысың» өлеңін мәнерлеп оқыды. Кешті қорытындылаған кітапханашы Гүлдана Лұқпанова келген қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті. Жастарға үлгі бола білген «Бес саусақ» жас жайдарманшыларға алдағы ойында сәттілік тілейміз.

Кәмшат ӘБІШ

Суретті түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT