Дана халқымыз «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді. Соңғы жылдары ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарды баспанамен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жасалуда. Соның бір жарқын дәлелі – таяуда Ойыл ауылдық округінде су жаңа баспаналар пайдалануға берілді.
Аталмыш іс-шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали:
– Өздеріңізге белгілі өткен жылы Миялы, Сағыз ауылдарында кезекте тұрған тұрғындарға үй беріліп, қуанышқа бөленді. Одан бөлек Миялы ауылында алпыс пәтерлі үй салынуда. Оның сыртында апатты жағдайда тұрған үйлердің иелерін баспанамен қамту бойынша жоба жасақталуда. Ал, бүгінгі салтанатты шараның мәні бөлек. Себебі, көптен баспана кезегінде тұрған тұрғындар үйдің кілтін алмақшы. Ендеше, жаңа баспана берекелі болсын, десе,
Ойыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Мереке Айжарықов ауылдастарын жаңа баспанамен құттықтап, ақ батасын берді. Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали ауыл тұрғындары Қали Жанқуатов, Мирас Саматұлы және көп балалы ана Жаскелең Қадимоваларға тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыстады. Одан әрі шара қонақтары мен ауыл тұрғындары заманауи үлгіде салынған тұрғын үйлерге кіріп, шашу шашып, құтты болсын айтып тарқасты.
Ал, келесі күні аудан әкімі Қанат Әзмұханов Көздіғара ауылдық округіне арнайы ат басын бұрып, тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы ана Әсел Әкімгереева мен І топ мүгедегі Нұрсұлтан Елтайға баспана кілтін табыстады.
Дулат БЕРІКҰЛЫ