Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жан шуағына бөлеген мереке

Биылғы мереке бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері үшін ізгі ниет, құрметке толы болды.

Бұл ретте, журналистер арасында өнер, спорттық сайыстар өтіп, қалам ұстаған жандарды бір серпілтіп тастаса, облыс, аудан басшылары тарапынан  салтанатты жиналыс ұйымдастырылып, журналистер қауымына жақсылық сыйлады. Соның бір жарқын көрінісіндей, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Арман» мәдениет үйінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері  мен ардагерлерінің төл мерекесіне орай, салтанатты жиналыс болып өтті. Оған "Қызылқоға" газетінің қызметкерлері мен ардагерлері, республикалық телеарнаның меншікті тілшілері,  бөлім, мекеме басшылары қатысты. Жиында,   алдымен, сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдулат Кенжебеков:

- Қазақстан журналистикасы әуелден елдік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу және осы ұғымдарға адал болу бағытын ұстанып келеді. Өткен ғасырда қазақтың қарымды қаламгерлері қалыптастырған ізгі дәстүрді бүгінгі журналистер қауымы лайықты жалғастыруда. Қазір еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары егемен еліміздің мемлекеттілігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа жеткізу жолында күш біріктіре қимылдауда. Бүгінде Сіздерге, "Жаңа Қазақстан" идеясын жүзеге асыру барысында зор міндет жүктеліп отыр. Бұл тұрғыда журналистке, жалпы сала қызметкерлеріне кәсіби біліктілікпен қоса, батылдық, табандылық және қара қылды қақ жарған әділдік қажет.

Осы орайда, аудандық «Қызылқоға» газетінің ұжымы мен  «Caspian news» телеарнасының Қызылқоға ауданындағы меншікті тілшілері мен операторлары осы талаптар үдесінен шығып, ауданымыздың дамуына зор үлес қосып келе жатқандығы үшін зор алғыс айтамын. 

Сонымен қатар, қадірменді ардагерлер бүгінгі күн сіздер үшін де аса қымбат. Аудандық «Қызылқоға» газеті әуелден өзіндік озық еңбек дәстүрімен әйгілі. Сіздер бұл дәстүрді ұзақ жылдар бойғы қажырлы қызметтеріңізбен қалыптастырдыңыздар. Кәсіби мерекеде Сіздердің ұлағатты еңбек пен өмір жолдарыңыз халықтың жадында екендігін айта отырып, шынайы ризашылығымды және алғысымды білдіремін, - деген ақ жарма тілегін жеткізді.

15f8c318-bf83-41a0-a71a-53cbd961612a

Одан соң,  ол   «Қызылқоға» газетінің тілшісі Дулат Ғұбайдуллинге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстаса,  "Қызылқоға" газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы Нұрсәуле Жауынбаева, бет құрушы Әдемі Қабдолова,  «Caspian news» телеарнасының Қызылқоға ауданындағы меншікті тілшісі Бексұлтан Жақсығалиларды өз атынан Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, "Қызылқоға" газетінің ардагерлері Жолдас Жанқуатов, Қалидолла Ізекен, Табылды Айсағалиев, Шолпан Сұлтанғалиева, Сайлау Жайлыбаева, Нұрлықыз Беркенова, Ерсайын Беркенова, Әнеш Бишекиналарға аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдулат Кенжебековтың құттықтау хаты мен арнайы сыйлық табысталды.

122db15f-3641-4b3e-adca-10f2280e6eb3

Ал, сахна төрінде құттықтау сөз сөйлеген Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Amanat»  партиясы Қызылқоға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Толқын Бейсқали, аудандық газеттің жарнама менеджері Нұрмағанбет Аманжолов пен тілші Кәмшат Әбішке Алғыс хат табыстады.

4051780e-c8b5-4d51-8301-4a72aff83577

Ерекше мерекелік көңіл күйді аудан өнерпаздарының әдемі концерттік бағдарламалары әрлей түсті. Кеш соңында, "Қызылқоға" газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов әріптестерін  мерекемен құттықтап, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекелеріне орай игі шара ұйымдастырған аудан әкімдігіне шынайы алғысын білдірді. Сөйтіп, журналистерді жан шуағына бөлеген мереке қалам ұстаған жандардың көңіліне көрікті ой ұялатты.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

4e573738-7ecb-4e13-9e98-782177ba797f

Атырау журналистикасының аңыздарына арналады.

1)Тәрбиелеп әркез ұл-қыз дарынды,
Олардан алдық біз жүз тәлімді.
Кеш қалмайықшы, еске алайықшы,
Журналистикадағы жұлдыздарымды.

Кешегі өткен қара нар қайда?
Теңелер күнге, баланар айға.
Таудан да биік Тауман мен Теңдік,
Ағалар қайда, Даналар қайда?!

Қ:сы
Кемеңгерлерім, кемеңгерлерім,
Сендердің әркез ерен еңбегің.
Аңыздарым-ай, абыздарым-ай,
Кетсең де өмірден төмендемедің.

Қайраткерлерім, қайраткерлерім,
Артыңда қалды әйбат өрнегің.
Бұқтыратындай, ықтыратындай
Өздерің едің айбатты ерлерім.

2)Журналисттерден тарпаңды іздеген,
Тәжі ағамыз өтті дархан жүзбенен.
Біліп келеміз, жүріп келеміз,
Жолдығалилар салған ізбенен.

Асылдың құнын сәт бұл бағалар,
Жақсы ұстаздан текті ұл таралар.
Біздерге үлгі, Сіздерге құнды.
Өтеген сынды өткір ағалар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521