Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ОТБАСЫ БАҚЫТЫ - ТАТУЛЫҚТА

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ажырасудың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Таяуда, Жамбыл және Ойыл ауылдық округінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтат!» тақырыбында ауыл әйелдерімен кездесу өткізді.

Жамбыл, Тасшағыл, Қызылқоға, Көздіғара, Ойыл, Жангелдин ауылдық округтеріндегі мекеме басшылары мен қызметкерлері, округ әкімдері жанындағы әкелер, аналар кеңесінің төрағалары мен төрайымдары, ауыл ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, медиаторлар, социолог, психологтармен өткен жиынға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина, облыстық білім беру басқармасы, облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының менеджері, білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет саласының ардагері Злиха Дүйсекенова, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының басшысы  Гүльфия Жәрдемова қатысты.

2cff7aa3-722e-4018-9871-58793100e8ad

Жиынды аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Жәния Ізбасқан ашып, жүргізіп отырды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев кездесудің мақсатын түсіндіріп өткен соң облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина сөз алды.

Оның айтуынша, 2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен сегіз бөлімнен тұратын 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдасы қабылданды. Онда отбасылық саясат, гендерлік саясат кеңінен талқыланады.

e37df6d3-3f18-445c-8e0b-88afbb842ec1

Қазіргі таңда отбасылық саясатта ажырасу мәселесі өзектілігін жоймай, күн тәртібінде тұр. Облыс бойынша 2019 жылы ажырасу көрсеткіші 30 пайыз болса, сот, медиатор, психологтардың бірлескен жұмысының нәтижесінде 2020 жылы бұл көрсеткіш 21 пайызға түсті. Алайда, соңғы жылдардағы пандемия кеселі халықтың әлеуметтік жағдайына әсер еткендіктен ажырасу көрсеткіші 24 пайызға өсті. Ажырасып жатқандардың көбі жастар. Бұл ретте ажырасудың алдын алу үшін отбасындағы тәрбие мәселесіне көбірек көңіл бөлу қажет. Қазіргі таңда ата-аналар балаға тәрбие бергенде өз-өзін асырау, өз ісіне жауап беру мәселелері кемшін. Бұрындары күйеуімен дәм-тұзы жараспай «ажырасамын» деп келген қызына ата-анасы басу айтып, өзінің шаңырағына апарып тастайтын болса, бүгінде «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп ажыратып алатын ата-аналар да кездеседі. Осыдан 10 жыл бұрын Атырау қаласынан облыстық дағдарыс орталығы ашылды. Онда отбасынан зорлық-зомбылық көрген аналар балаларымен келіп паналайды. Көбінің күйеулерінің арақ ішіп тиісетінін айтады. Орталық қызметкерлері оларды ажыратуға емес, қайта табыстыруға жұмыстанады.

1ec99559-c0e5-4fd7-a450-c145778a05ac

– Отбасылық тәрбиеде бәрін біріктіретін орын жоқ. Яғни, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, дін, әлеуметтік және басқа да салаларда отбасы мәселесі бар да, соны жинақтаушы орган жоқ. Мұның әсері тәрбиені бір жүйеге қалыптастыруға кедергі келтіруде. Қоғам жанашырларының қолдауымен 2019 жылы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында отбасын қолдау орталығы ашылды. Оның жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы осындай орталықтар барлық жерде ашылуы керек деген тапсырмасын береді. Тапсырмаға сәйкес қазір барлық жерде отбасын қолдау орталығы ашылуда. Алдағы уақытта мұндай орталық Қызылқоға ауданында да ашылады. Қазір, отбасылық институтын жетілдіру бағытында Қазақтан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексіне, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық пофилактикасы туралы» Заңына өзгерістер енгізілуде. Өзгеріс енгізілгеннен кейін отбасын дамытуға байланысты барлық жерде өкілетті орган ашылады. Сол кезде отбасылық тәрбиеде барлық нәрсеге қол жеткіземіз деп отырмыз. Қалай дегенмен де әр отбасының бақыты – татулықта. Тату отбасында ешқандай зорлы-зомбылық болмайды, - деді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина.

Бұдан кейін сөз алған облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының менеджері, білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет саласының ардагері Злиха Дүйсекенова отбасындағы бала тәрбиесі, ұлттық тәрбие беру бағытында кең көлемде мағлұмат берсе, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының басшысы  Гүльфия Жәрдемова отбасылық құндылық, отбасындағы зорлық-зомбылық туралы әңгіме өрбітіп, өзі басшылық ететін қоғамдық бірлестіктің негізгі жұмысының бағыттар туралы айтты.

9f2275ae-0f1f-46fc-8f34-f76dbf188cf4

Кездесу барысында Жамбыл ауылдық округ әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Нәзигүл Аяшова, жамбылдық Болат Есенгелдин, Шынар Шарафеденова, қарабаулық Нұрлан Орынбасаров, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Әйгерім Шәкірова, миялылық Ұлдаш Құлшықова, ойылдық Құралай Құмарова, Күлән Әбілхатова аталмыш тақырыпта пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.

46fc235f-d325-4067-b387-fb07572a8f40

Шара соңында ауданымызда отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыруға белсене араласып, халықтың әл-ауқатын көтеруге, азаматтық қоғамды қалыптастыруда атқарған қызметтері үшін округ әкімі жанындағы әкелер және аналар кеңесінің төрағалары мен төрайымдары, округтің бас мамандары аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Жарас Есенғалиевтің алғыс хатымен марапатталды.

Жамбыл ауылдық округіндегі кездесуде ауыл шаркашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылса, Ойыл ауылдық округіндегі кездесуге қатысушылар «Самал» мәдениет үйі жанындағы халық театры ұжымы ұсынған «Бақыт деген не?» қойылымын тамашалады.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT