Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада көне қорғаннан сармат дәуіріндегі жәдігерлер табылды

Атырау облысында көне қорғаннан сармат дәуіріндегі жәдігерлер табылды.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған экспедиция Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан №3, 4 және 5-қорғанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазба жұмыстарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің докторанты Ерден Оралбай жетекшілік етеді.

Экспедиция құрамында Астана халықаралық унверситетінің PHD докторы Елдос Қариев, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айдос Қалшабаев пен тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов бар. 

Айдос Қалшабаевтың айтуынша, қазба жүргізілген қорғандар біздің заманымызға дейінгі VI-IV ғасырлардағы савромат-сармат дәуіріне жатады. «Қазба кезінде №3 қорғанның орталық жерлеу орны тоналғаны анықталды. Одан әртүрлі түстегі моншақтар тізбесі, қайрақ тас, ал адам жерленбеген бос қабірден (кенотаф) темір қанжар (ақинақ) табылды. Жасөспірім жерленген қабірге 2 қыш ыдыс қойылған. Ал, №4 қорғанды зерттеу кезінде екі адамның шашылған сүйегі мен бірқатар қола жебелерді таптық», - дейді Айдос Қалшабаев.

Оның айтуынша, қосалқы қабірдің біріне жас қыз екбетінен жатқызылып, екі қолы бүгілген күйде жерленген. Тағы бір қабірден жауынгер сүйегі шыққан. Оның жамбас сүйегінің жоғарғы жағында темір қанжар (ақинақ) қойылған. Сол аяғының астыңғы жақ сыртында 20-дан аса ағаш сабы сақталған қола жебе, тас қайрақ, өрнектелген сүйек, қабан тісінен жасалған бойтұмары бар әшекейлер табылған.

«Қорғандағы бір қабірге әйел жерленген екен. Оның жанынан бетіне сары түсті металл жалатылған тұтқасы бар қола айна, қола біз табылды. Сүйектің екі қолының білек тұсында темір білезік, мойнында шар тәрізді пішіндерден құралған алтын алқа болған. Аяқ жағына ұсақ малдың жіліктері мен қабырғалары, темір пышақ қойылыпты», - дейді Айдос Қалшабаев.

Ал, №5 қорғанның орталық бөлігінен тұтқасы бар қола айна, қыш ыдыс сынықтары мен адам сүйектері табылған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT