Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Ал, жастарға сенім артып, оларға қолдау көрсету – жарқын болашаққа бастар жолдың алғашқы баспалдағы.
Осы орайда, бүгін «Ақнұр» мейрамханасында аудандық ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар премиясы – 2023» салтанатты марапаттау шарасы өтті.
Оған аудан әкімі Қанат Әзмұханов, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, «AMANAT» партиясы Қызылқоға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Альберт Аққайнанов және бөлім,мекеме басшылары, жастар ісі жөніндегі мамандар мен жыл үздіктері, бақ өкілдері қатынасты. Алдымен сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
- Аудан халқының саны 31 мың болса, соның 10 мыңнан астамын жастар құрайды. Барлық игі шарада бой көрсетіп жүретін осы - жастар. Көктем мезгіліндегі су тасқыны кезінде де жастардың ұйымшылдықтары мен бірліктерін көрдік. Келер жыл аудан үшін құтты жыл болсын. «Бірлігі бекем ел озады» дегендей, әрқашанда ауызбіршілігіміз мықты болып, үлкен жетістіктерге бірге жете берейік, - деген құттықтау тілегін білдіріп, бір топ жастарды марапаттады.
Бұдан соң аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, «AMANAT» партиясы Қызылқоға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Альберт Аққайнанов, аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Жәния Ізбасқан, ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ризабек Амантайлар үздік жастарды марапаттап, естелік суретке түсті.
Шара барысында ойындар ұйымдастырылып, «Ойыл арулары» бишілер тобы мың бұрала би билесе, Гүлхан Қалыбекқызы мен Бисұлтан Мұхтаров тамылжыта ән салып, кештің көркін қыздыра түсті.
Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ