Таяуда Қызылқоға аудандық Полиция бөлімінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, лентасы қиылды. Оған құқық қорғау органдарының ардагерлері, мекеме басшылары, жергілікті тұрғындар мен полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.
Шарада алдымен сөз алған Атырау облыстық Полиция Департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев:
– Бүгінгі заман талабына сай салынған ғимараттың ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Полицейлердің қызметіне оң ықпал етуге жақсы жабдықталған жұмыс орнының да септігі тиетіні анық. Алда тұрған басты мақсат пен міндет - халыққа адал әрі абыройлы қызмет ету. Полицияның сервистік моделін енгізуде, сондай-ақ "Жұртқа жақын полиция" қағидатын қамтамасыз ету барысында нәтижелі жұмыс атқару күн тәртібінде тұрған мәселе. Полиция бөліміне қоғамдық тәртіпті сақтауда қалтқысыз қызмет етіп, алғысқа бөлене берулеріңізді тілеймін, - деген тілегін арнаса, аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Егеменді еліміздің 30 жылдық тарихында республикамыз талай белестерді бағындырып, көптеген жақсылықтарға бөленіп, қиындықтарды артқа тастады. Сол белестердің бел ортасында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, құқықтық дамудың алдыңғы легінен көрініп келеді. Бұл тәртіп сақшыларының ел алдындағы қалтқысыз қызметінің жемісі екендігі анық. Бүгін жаңа ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жабдықталып, құқық қорғау қызметкерлерінің игілігіне ұсынылып отыр.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады» деген болатын. Қазіргі таңда, қоғамдық тәртіпті сақтауда аудандық Полиция бөлімі қызметкерлерінің маңызы зор. Сол елдің тыныштығын күзету жолындағы еселі еңбектеріңізге сәттілік тілеймін,-деді. Бұдан кейін аудандық Полиция бөлімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Ерғалиев құттықтау сөз сөйлесе, жаңа ғимараттың лентасын Атырау облыстық Полиция Департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев пен аудан әкімі Қанат Әзмұханов қиды.
Жаңа ғимарат толықтай техникамен жабдықталған. Барлық бөлме бейне бақылаумен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта аудан орталығындағы көшелерде орналасқан бейне бақылаулар жаңа Полиция бөлімінің ғимаратына қосылып, тәртіпсіздіктің алдын алуға толықтай мүмкіндік туады. Сондай-ақ, ғимаратта тәртіп сақшыларының физикалық, мергендік қабілетін шыңдауға арналған спорт алаңы мен тир бар. Ашылу салтанатынан соң Департамент бастығы аудан тұрғындары, ардагер полицейлермен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ