Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімі Қанат Әзмұханов Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қызылқоға ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» туралы брифинг өткізді.
Аудан басшысының айтуынша, биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында, 5 отбасы тұрғын үй сертификатына ие болды. Сонымен қатар, 6 отбасыға жалдамалы пәтер және 15 қызметтік тұрғын үй берілді. Бұл жұмыстар алға қарай да жалғасатын болады. Өйткені, биыл Миялы ауылынан үш қатарлы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталса, тағы осы типтегі бір үйдің құрылысына жоба дайындалды. Сондай-ақ жоспарға сай «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында Миялы, Сағыз, Ойыл, Көздіғара ауылдарынан тұрғындарға 683 жер телімі берілмек.
Ауданда білім саласында да ауқымды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Қарабау ауылында 120 орындық бастауыш мектеп салу үшін жобасы жасақталып, дайын тұрса, Ойыл ауылынан 100 орындық, Тайсойған ауылынан 50 орындық балабақша салу жобасы жасақталуда. Аудан бойынша 1-6 жас аралығында балалардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылу көрсеткіші 87 пайыз болса, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100 пайызды құрайды. Биыл Қарабау, Қаракөл және №9 орта мектептері модернизациядан өтсе, келесі жылы Б.Аманшин, Ы.Шөреков және Ш.Еркінов атындағы орта мектептері модернизациядан өтеді. Қазіргі таңда, Жангелдин ауылындағы Миялы орта мектебінде күрделі жөндеу жұмысы жүруде. Тағы бір қуанышты жаңалық - биыл ауданда «Ұлан-балалар жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубы» ашылып, мектеп оқушыларын спортқа баулуда.
Қазіргі таңда, ауданда 1 аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт жұмыс жасайды. Биыл аудан медицинасы 2 хирург, 2 жалпы тәжірибелік дәрігер және УЗИ дәрігерімен толықты. Келесі жылы аудандағы ауылдық округтердегі дәрігерлік амбулаториялар 7 санитарлық автокөлікпен және 3 медициналық автокөлікпен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мен халыққа уақытылы медициналық көмек көрсету мақсатында «Компьютерлік томография» жабдығымен қамтамасыз етуге сұраныс берілді. Бұдан басқа Айдын елді мекенінде медициналық пункттің құрылысы басталды, келесі жылы тұрғындардың игіліне беріледі деп жоспарлануда.
2017 жылы басталып, мердігер мекеменің жауапсыздығынан тоқтап қалған Мұқыр ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жұмысы келесі жылы қайта басталмақ. Ал, Тасшағыл ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі келер жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Қарабау ауылынан 300 орындық мәдениет үйінің құрылысына жоба жасақталса, Миялы ауылынан 600 орындық мәдениет үйіне және Сағыз, Миялы ауылдарынан өнер мектебіне жоба жасақталуда.
Дулат БЕРІК