Газет оқырмандарымен кездесіп, елді-мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, баспасөзге жазылу барысын білу мақсатындағы іссапарымыз өткен аптаның сәрсенбісі күні Мұқыр ауылында жалғасты. «Қазпошта» бөлімшесінің меңгерушісі Ләззат Қайырғалиеваның айтуынша, округ тұрғындары әзірге 106 дана аудандық газетке жазылған.
Оның 50 пайызы зейнеткерлер болса, қалғаны округтегі мекеме қызметкерлерінің, мұғалімдердің еншісінде. Ал, дәрігерлік амбулатория қызметкерлері әлі бір-де бір газетке жазылған жоқ. Жалпы, жалақылары банкомат картасына ауысқалы округ тұрғындарының поштаға келуі сирек. Округке қарасты елді-мекендердегі газет оқырмандарына қатынасқан адамдардан беріп жібереді.
– Бұрыннан газет оқып қалған зейнеткерлер өздері келіп қалаған газет-журналдарына жазылса, жастар жағы «телефонда бәрі бар, газет оқымаймыз» дейді. Сондықтан, «газетке жаздыруға мәжбүрлемеу керек» деген сөзді желеу етпей, тиісті орындар үгіт-насихат жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Газет оқырманымен құнды екенін естен шығармаған абзал, - дейді бөлімше меңгерушісі Ләззат Қайырғалиева.
Бұдан кейін «Алтын кілт» балабақшасы, Мұқыр, №2 орта мектептерінде болып, газетке жазылу барысымен танысып, ұжым қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Балабақша әдіскері Әйкен Қаламбаевадан білгеніміздей, жыл сайын баспасөз науқанынан қалыс қалмайтын 31 қызметкер еңбек ететін балабақша ұжымы 10 дана аудандық газетке жазылған. Ұжым бала тәрбиелеумен айналысатын болғандықтан газет бетінен бүлдіршіндер жайлы, олардың түрлі жетістіктері, өлеңдері, мақалалары газет бетінен жарық көргенін қалайды. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан балабақшаға сұраныс жоғарлылығын, ауылда иттердің көп екендігін жеткізді.
Округтегі 200-дің үстінде қызметкері бар екі орта мектеп ұжымы бар болғаны 43 дана аудандық газетке жазылыпты. Ұжымдағы баспасөзге жазылуды қадағалайтын мамандардың түсіндіруінше, қазір газет-журналға жазыл деп ешкімді мәжбірлеуге болмайды. Дегенмен барлық қызметкерлерге баспасөз науқанының жүріп жатқандығы ескертіліп, мүмкіндігінше жазылғандары жөн екендігі айтылды. Бұған дейін баспасөзге жазылмағандар желтоқсан айының жалақысынан жазылуды жоспарлап отыр. Олар газет бетінде өңір тарихы туралы, Қызылқоға топырағында дүниеге келген тарихи тұлғалар жайында, ауданға еңбегі сіңген адамдар туралы, танымдық, рухани, ұрпақ тәрбиесі хақында жазылған мақалалардың мүмкіндігінше көбірек жарияланғаны жөн деп есептейді. Сондай-ақ, мектептерде өткен семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдердің маңызы мен мағынасы толығырақ жазылса оқушылардың газет оқуға деген қызығушылығы оянар еді. Ал, сол өтетін шараларға газет тілшілері де қатысқаны жақсы. Сонымен қатар біраз жыл бұрын басталғанымен әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан, жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолдарының құрылысын тағы бір көтерген газет оқырмандары ауылдың шет жағы әлі жарықтандырылмағандығын тілге тиек етті. Қараңғы көшелер қысқы мезгілде сабақтан тараған оқушылардың қауіпсіздігіне үлкен әсер етеді. Сондықтан, қазіргідей қаңғыбас, бұралқы иттер өріп жүрген уақытта ауыл көшелері түгел жарықтандырылғаны жөн. Егер жол құрылысы басталып жатса теміржолдың күншығыс жақ бетіне де ауылішілік жол салынғаны абзал. Ал, алты мыңға жуық халқы бар елді мекенде мәдениет үйінің жоқтығынан тұрғындар арасында да мәдениеттілік жойылып бара жатқандай. Бұл ретте, құрылысын бастап, мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашып, аяқтамай кеткен жауапсыз адамдар заң жүзінде жауап беруі тиіс.
– Бұл мәселелер біраздан бері көтеріліп келеді. Уәде берілгенімен, орындалмайды. Теміржолдың арғы бетіндегі ауыл сай арқылы екі бөліп тұр. Көктемде, күзде немесе жаңбырлы мезгілде оқушылардың сабаққа қатынауы мүлдем қиын. Сондықтан, қабылдауға келген тұрғындар қазір теміржолдың үстінен емес, сайдың үстінен жаяу жүргіншілер көпірін салуды сұрайды. Олар көпірдің теміржол переезінің екі жағынан, яғни екі көпір салынғанын қалайды. Аудандық басылым халықтың ұсыныс-пікірлерін көтеріп, билік пен бұқараның арасына көпір болып жатса, тұрғындар да «Аудандық газет – әр үйге қажет» деген пікірді қолдайды деп есептеймін, - дейді Мұқыр орта мектебінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Венера Мырзағалиева
Біз жолыққан ауыл тұрғындарының айтары осындай. Туған жерінің болашағы үшін көтеріп жатқан мәселелерінің шешілуін қалайтын олар аудандық басылымнан күтер жаңалығы көп екенін байқадық. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген Міржақып Дулатовтың сөзі өз өміршеңдігін жойған жоқ. Сондықтан, әр отбасы аудандық газетті жаздырып алса игі дерсің.
Бауыржан САҚТАСИНОВ