Иә, биылғы жыл еріктілер жылы боп жарияланды.
Ерікті деген ұғым – адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстап, жан қалауымен қоғамға өз еркімен ақысыз үлес қосуды білдіреді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еріктілер тобына жастарды көбірек тартуды баса айтқан болатын. Бұрынғы кезде халқымыз асарлатып бір-біріне көмек қолын созған, бүгінгі күні ерікті сөзінің түп мағынасы сайып келгенде осы асар сөзінің баламасына жатады.
Сағыз ауылында «Жүрекке жол» еріктілер тобында жастар жетерлік. Есігін айқара ашқан жаңа жылдың бірінші айынан бастап алдағы іс-шараларға жоспар құрылып, жақында ғана «Рухын бір жанның көтеріп, Рухани жаңғырып кетелік» атты алғашқы қайырымдылық кеші «Шұғыла» мәдениет үйімен бірлесе отырып ұйымдастырылды. Кештің мақсаты – ауылымыздың тұрғыны, көп балалы отбасының мүшесі, кішкентай жүрек иесі Ақниет Манасұлы атты бүлдіршіннің еміне қаржылай көмек көрсету болатын. Кештің бір ерекшелігі зағип жандардың өз еріктерімен өнер көрсетуі – ұлы өнердің өміршеңдігін дәлелдей түсті. Орал қаласындағы облыстық көру қабілеті нашар балаларға арналған арнаулы мектеп- интернаттың 11-ші сынып оқушысы, жерлесіміз, былтырғы жылы Республикалық «Холден Старс» байқауының бас жүлде иегері, ақын Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына орай өткізілген «Лирика әлемінің ханшайымы» атты мәнерлеп оқу байқауының бас жүлде иегері Рысханым Дәріс О.Бөкейдің «Жанар» атты монологын ерекше толқумен оқығанда, жүрегі селт етпеген жан болмас сірә?! Ол шырқаған сазгер А.Дүйсеновтің «Туған жер» әні көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Келесі кезекте өткен жылы республикалық қазақ зағиптар арасында өткізілген «Екі жұлдыз» байқауының 1 орын иегері Гаухар Жолаева А.Сүлейменовтің «Әкеге сағыныш» әнін нақышына келтіріп айтса, ұлы Сұңқармен бірге Г.Жеңісқызының «Анашым» атты әнін орындап, тыңдарман жүрегінен жол тапты. Осы орайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ауылымыздағы қолы ашық, жомарт кәсіпкерлердің бірегейі Балташ Қоразованың Гаухардың көз жанарын емдетуіне қомақты қаржымен көмектескенін айта кеткен абзал. Қайырымдылық кешті «Жүрекке жол» еріктілер тобының мүшелері Досжан Аманкелдіұлы мен Бекарыс Закария жүргізді. Кеште А.Өміров атындағы өнер мектебінің ұлт аспаптар ансамблі Құрманғазының атақты «Балбырауын», «Адай» күйлерін күмбірлете шертсе, «Кеңжайлау» биін Ә.Сағызбай мың бұрала билеп, әншілер О.Жұмаханов, Н.Баяш, А.Аман, Е.Қуанбай, Е.Махамбетұлы және басқа да ауыл өнерпаздары халықтың қошеметтеріне бөленді. Ауылымызда өткен бұл шара қуантарлық және құптарлық жағдай. Әр адамның бір-біріне жүрек жылуын сыйлап, жанашыр қамқор болуы, сауабы мол іске ұмтылуы – имандылыққа, адамгершілікке жатады. Кешке арнайы шақырылған «Абдолла Хазірет» мешітінің бас имамы Ерлан Каббулов құттықтау сөз сөйлеп, еріктілер тобына алғысын білдірді. Әрбір қасиетті жұма сайын мұқтаж жандарға, аз қамтылған жанұяларға азық-түлікпен, киім-кешекпен көмектесуді осы еріктілер тобымен бірлесе қолға алғандарын сөзге тиек етті. Бұл орайда, белсендігімен көзге түсіп жүрген жастар өте көп. Солардың ішінде Нүрия Жұмақызы көш бастап тұр. Көңілге қуаныш, жүрекке-жылу сыйлаған бұл кешке атсалысқан өнерпаздарға ауыл әкімшілігі атынан алғыс хаттар ұсынылып, «Жүрекке жол» еріктілер тобы атынан ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.
Осы ретте, ауылымызда өтіп жатқан үлкенді-кішілі шараларға ылғи да демеуші боп жүрген Алмагүл Нұрымғалиева, Алпысбай Нұров сынды кәсіпкерлерге және үнемі қаржылай көмектесетін барша ауыл азаматтарына алғыс айта кетуді жөн санадық. Саналы сезім мен ыстық ықыластарын аямаған қамкөңіл бүлдіршінге қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек қолдарын созған бұл кеш ауылдастардың көпке дейін естерінен кетпесі анық.
Сайран ОРАҚОВА,
Сағыз ауылы