Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Өткен аптаның сейсенбісі күні басталған округ әкімдерінің есеп беруі сәрсенбі күні сағат 9:30-да Тасшағыл ауылында жалғасын тапты.

Тасшағыл орта мектебінің акт залында өткен жиында алдымен округ әкімі Мәлік Қуанышев баяндама жасады. Оның баяндауынша, округ бойынша былтырғы жылы жеке тұрғындардың мүлік салығынан 100496,47 теңге, жер салығынан 53 610,88 теңге, жеке тұрғындардың көлік салығынан 1 418 017,48 теңге, кәсіпкерлердің табыс салығынан 396 478,45 теңге, заңды тұлғалардың көлік салығынан 103 000 теңге түсті. Жоспар 2 716 603,28 теңгеге орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара малы 33 басқа, қой-ешкі малдары 329 басқа, жылқы 21 басқа, түйе 3 басқа көбейген. Округ бойынша қыстақтар мен жеке тұрғындарға қажетті мал азығы 12 215 тонна шөп дайындалып алынды. Ірі қара малын асылдандыру мақсатында «Думан» шаруа қожалығы 300 000 теңге субсидия алса, селекциалық және асыл тұқымдық жұмыстар мақсатында 8 шаруа қожалығы 877 бас ірі-қара малдың тауарлық аналығы үшін 6 432 000 теңге субсидия, ұсақ қара малдың тауарлық аналығы үшін 1 шаруа қожалығы 275 аналық қойға 412 500 теңге субсидия алды.

Округ бойынша «Жанас», «Асылбек», «Нәсіпқали», «Атажұрт» шаруа қожалықтары және Тасшағыл өндірістік кооперативі күн панельдерін орнатты.«Ойтаң» шаруа қожалығы барлығы 10 гектар жердің 0,5 гектарына картоп, 5,5 гектарына бақша дақылдары, 4 гектарына көкөніс дақылдарын егіп өнім алды. Әрине, бұдан басқа да әр түрлі сала бойынша көптеген жұмыстар жасалған. Алда жасалатын жұмыстар да жетерлік. Баяндамадан соң жарыссөзге шыққан «Жазира» бөбекжай бала бақшасының тәрбиешісі Айпара Нәтишова Тасшағыл ауылының Ж.Жабаев, Қ.Қожахметова, Ж.Бүркішов, С.Сейфуллин, Досағалиев көшелеріне қатқыл табанды (асфальт) және жаяу жүргіншілер жолын төсеу жұмыстары жүргізілсе игі деген тілегін жеткізсе, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Оңғар Жанықұлов Арал көлі сорға айналып, экологиялық қиын жағдай қалыптастырып отырғандығын, Бәйтік көлінде азғантай су болғанымен мал ішуге жарамсыз екендігін алға тартып, Арал,Бәйтік көлдері маңынан қорық ұйымдастырып, аталмыш көлдерге тұрақты су келтіру жолдарын қарастырып, канал қаздыруды қолға алу керек. Осы мәселе шешімін табатын болса, Ойыл өзені бойында орналасқан округтердің халқына пайдасы тиеді деген ұсыныс білдірді.

Бұдан кейін мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:

- Ауылдың қазіргі тыныс тіршілігі жақсы. Әлеуметтік нысандар толығымен қамтамасыз етілмегенмен алдағы уақытта шешімін табады. Мұндағы басты мәселе – мәдениет үйін салу құрылыстарының бастамасына облыстық бюджеттен қаржы бөлінуде. Канал қаздыру мәселесін аудан деңгейінде жан-жақты қарастырып, облыс деңгейінде көтеретін боламыз. Шыны керек, канал қаздыру миллиардтаған қаржыны талап етеді. Ауылда шешімін таппай жатқан мәселелердің бірі – жастарға арналған спорт мектептері мен алаңдарының болмауы. Бұл бағыт бойынша округ әкімімен бірлесе отырып, шешімін табуға жұмыстанатын боламыз. Қазіргі таңда, ауылішілік жолды ұзындығы азғантай болып отыр. Бұл бағытта да жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға тапсырмасы беріледі. Қысқасы, проблемаларды кезең-кезеңімен шешуге жұмыстанатын боламыз. Жалпы, ауылда 168 адам жұмыссыздыққа тіркелген. Бүгінде, жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Бізге келіп, мамандық аламын дегендерге оқытып, мамандық алуына септігін тигізетін көптеген оқу курстары бар. Осы бағытта округ әкімдерімен бірге халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу керек. Біз келген адамдарды оқытып, вахталық әдіспен болса да жұмысқа орналастыруға көмек қолын созатын боламыз, - деді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT