Инфрақұрылымдық жобаларды жаңғырту бағытында екі жыл бұрын басталған Миялы ауылындағы орталық демалыс саябақтың құрылыс жұмыстары аяқталып, салтантты түрде ашылды.
\
Аумағы бес гектар жерді құрайтын саябақта воркаут стильдегі дене шынықтыру, балалар ойын алаңдары, жүгіру жолағы және концерттік сахна жасақталып, саябақ ортасына биіктігі 22 метр болатын ту тұғыры орнатылған. Сондай-ақ тұрғындарға демалатын арнайы орындықтар, жарықшамдар орнатылып, ағаш көшеттері отырғызылған.
Саябақтың ашылу салтанатына қатысып, құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Жаңа жыл қарсаңында баршамыз керемет сәттің куәсі болып тұрмыз. Өйткені бүгінгі ашылып жатқан саябақ ауданның өркендеп, дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, қолайлы өмір сүру үшін барлық жағдайды жасау біздің басты міндеттеріміздің бірі. Ауданда салынып жатқан әлеуметтік нысандар, басқа да ғимараттар аудан халқының тыныс-тіршілігін кеңейтуге бағытталған. Сондықтан бұл нысан ауыл тұрғындарының демалып, серуендеуіне арналған жаңа саябақ, жаңа алаң болмақ. Ендеше, баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтай отырып, алдымызға қойған мақсаттарыңыз орындалсын, - деді.
Салтанатты шарада сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Өтеуғали Дүйсәлі мен аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Ризабек Амантай тұрғындардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауда саябақтың атқарар рөлі орасан зор екенін тілге тиек етіп, саябақты таза ұстау, одан әрі көркейтуге аудан жастары өз үлесін қосатынын жеткізді.
Бұдан кейін аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Өтеуғали Дүйсәлі саябақтың ашылу салтанатының лентасын қиып, «Арман» мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашты. Жаңа жыл қарсаңында ұсынылған мұндай ерекше тартуға дән риза болған тұрғындар ауыл көркін айшықтай түскен орталық саябақты аралады.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ



