Әлімсақтан, төрт түлігін түлетіп, содан ризығын айырып келе жатқан аудан халқы соңғы жылдары жайылыстағы малының қамын ойлап, мазасыз күй кешуде.
Оған себеп – ауданда мал ұрлығының өршуі. Соңғы кезде ұрылардың еркінсіп кеткені соншалық, қазір 15-20 бас малды бірден тиеп, алып кететінді шығарған. Осы жағдайға алаңдаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кеңейтілген жиын өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудан прокуроры, аудандық мәслихат хатшысы, тәртіп сақшылары, жауапты бөлім, мекеме басшылары, шаруа қожалығының төрағалары мен ауыл тұрғындары қатысты.
27 мал ұрлығы тіркелген
Мәжілісті аудан әкімі өзі ашып, жүргізіп отырды. Алдымен, баяндама жасаған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нүркен Нұғмановтың түсіндіруінше, аудандағы мал ұрлығының алдын алу және жасалған ұрлықты дер кезінде ашу бағытында аудандық полиция бөлімінде өткен жылдың басынан бері бірқатар жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Алдымен былтырғы жылдың басында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2019-2020 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру үшін жоспар жасалып, аудан әкімінің қолымен бекітілді. Сондай-ақ, мал ұрлығының алдын алу үшін мал иесі, бақташы және жергілікті әкімдік өкілі арасында үш жақты келісімшарт жасату жайлы аудан әкіміне ұсыныс берілді. Полиция бөлімінің ұсынысымен Миялы ауылынан құжатсыз тасымалданған малдардың ұрлыққа қатыстылығы анықталғанша уақытша қамап, ұстайтын орын ашылды. Уақытша мал ұстау орнын Сағыз ауыланан да ашу үшін жергілікті әкімдікке ұсыныс хат жолданды.
Ұрлықтың алдын алу үшін аудан көлеміндегі «Сағыз-Индер», «Атырау-Ақтөбе» тас жолдарындағы мал тиеген көліктерді патрульдік қызметкерлер өз бақылауында ұстап отыр. Өкінішке орай, қанша жерден жүйелі жұмыстар жасалса да мал ұрлығы азаймай тұр. Өткен жылы аудандық полиция бөлімінде 76 қылмыстық іс тіркелсе, оның 27-сі мал ұрлығы. Демек, былтырғы жылға қарағанда, мал ұрлығы 10 қылмысқа өсіп отыр. Тіркелген 27 мал ұрлығының 19-ы ашылып, қалғаны қылмыстар бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Ашылған 19 қылмыстың сегізі бойынша сот үкімі шығып, қылмыскерлер өз жазасын алса, қалған 11 іс жәбірленушінің қолхат берумен қысқартылды.
Полиция қызметкерлерінің қырағылығы арқасында өткен жылдың желтоқсан айында жангелдиндік Әліби Қалиевтың жайылымда жүрген жерінен 23 бас жылқысын ұрлап, Атырау қаласындағы «Адал» мал базарында сатып тұрған күдіктілер ұсталды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Үш жақты келісімшарт қажет
- Жалпы, ұрлықтың алдын бағу бағытында бірқатар іс-шаралар қабылданып жатыр. Алайда, бұл жеткіліксіз. Ұрлықты түбегейлі жою үшін шаруа қожалықтары мен тұрғындар да салғырттық танытпай, қырағы болуы керек. Алдымен малды жайылымға иесіз жібермей, бақташыға қосу қажет. Сосын мал иесі, бақташы және жергілікті әкімдік өкілі арасында үш жақты келісімшарт жасалуы тиіс. Бірақ, қанша айтсақ та аудан тұрғындары бұл ұсынысқа немқұрайлы қарап отыр. Өздерінің ақ адал малдарын бақташысыз, бақылаусыз «Құдай сақтасын» деп, жайылымға жіберіп қояды. Ал, иесіз жүрген мал бірден ұрының көзіне түседі де, қолды болады. Сосын тұрғындар өз беттерімен 1-2 айдай іздеп, нәтиже шықпағасын барып, полицияға хабарлайды. Ол кезде малдың сойылып, сатылып, кететін жағына кетіп тынады. Мұның бәрі бақташының болмауынан орын алуда. Сондай-ақ, тағы бір ұсыныс – мал сою цехтары бейнебақылау камерасын орнатып, сою үшін әкелінген малдарды тіркеп отырған дұрыс. Ал, мал сою цехына құжатсыз мал келсе бірден полицияға хабарлау керек. Тұрғындар иелігіндегі малдарын сырғалау, таңбалау мәселесін қолған алып, ауданның бірдейлендіру дерекқорына енгізуге міндетті. Себебі, алдағы уақытта сырғаланбаған, дерекқорға енбеген мал жоғалса, оған қылмыстық іс қозғалмайды, - дейді әлгінде айтқан аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұркен Нұғманов.
Баяндамадан соң жиынға қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жаза қатайды
Қазір мал ұрлығы тек біздің ауданда емес бүкіл ел бойынша өзекті мәселеге айналған. Соған сай, биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап мал ұрлығының жазасы қатайды. Енді Қазақстан Респбубликасының Қылмыстық кодекс бойынша мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына кіріп, жәбірленуші кешірім берген күннің өзінде де қылмыстық іс қысқармайды. Жаңа бап бойынша қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, өзі 7 жылдан 12 жылға дейін сотталатын болады. Бір сөзбен айтқанда, енді мал ұрылары қылмысын бұрынғыдай еркін жасай алмайды. Сонымен қатар, мал ұрлығын болдырмау үшін жаңа заманғы технологияларды пайдалану керек. Жылқыны бағу қиын болса чип, GPS орнату мәселесін қолға алған дұрыс. Тіпті, екі-үш қожалық бірігіп дрон алып, малдарын бақылап отыруға болады. Әрине, бұлардың бағасы қымбаттау. Бірақ, бір үйір жылқыны немесе бір топ малды жоғалтқаннан гөрі арзанға шығады.
Бақтияр КЕУЛІМЖАЙ
аудан прокуроры
Қырағылық жетіспейді
Менің мал бордақылаумен айналысып келе жатқаныма үш жылдай болды. Мал сою цехына күніне бірнеше мал келеді. Бірақ, барлығын заңды түрде, құжатымен қабылдаймыз. Құжатсыз бірде-бір мал сойған емеспіз. Жұмыс барысымен бізге түрлі шаруа қожалық өкілдері келеді. Солардың әңгімесінен түсінгенім – қазір мал ұрылары әбден әккі болып алған. Бұрын малды айдап кететін болса, қазір көлікпен тиеп кетіп жүр. Ұрлыққа алдын ала дайындалғандары соншалықты – далалық жерлерден мал тиейтін орындарды әдейі қазып кетеді екен. Осы жағдайларды учаскелік полициялар неге бақылауға алмайды? Қазір көрші Мақат ауданынан, Ақтау қаласынан, тағы басқа ауыл, аудан, қалалардан әр түрлі көліктер келіп-кетіп жатады. Полицейлер соларды қатаң бақылауға алу керек.
Әрине, аудандық полиция бөлімінің жұмысын жоққа шығармаймыз. Бірақ, осы мал ұрлығына келгенде осалдық танытып жататыны жасырын емес. Сондықтан, тәртіп сақшыларына ең әуелі қырағылық керек деп ойлаймын. Сонда қай мал, қайда кетіп жатқаны жасырын болмайды.
Айжан ІЗІМОВА,
«Миялы-Бірлік» ауыл шаруашылығы
өндірістік коперативінің төрағасы
Жеңіл жазамен құтылып кетеді
Осыдан екі жыл бұрында қорамнан 10 бас қойым ұрланып, артынша қылмыскерді сотқа бердік. Кешірім бермей, жазалануын талап еттік. Алайда, сот ұрыға қатаң жаза қолданбады. Бар жоғы күніне 4 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жайлы шешім шықты. Алайда, ол талапты орындап жатқан қылмыскерді көрмедік. Біреуі қалаға кетіп, енді бірі шөбін шауып жөнімен жүрді. Осылайша, ұры жеңіл жазамен құтылды. Екінші ұрлық былтырғы жылы орын алды. Онда қорамнан 4 бас қой ұрланды. Бірақ, ұрлаған кәмелет жасына толмаған балалар болғандықтан, шығынды өтеген соң кешірім бердік.
Ал, кешірім бермей сотқа сүйресек те алдыңғы жолдағыдай бәрібір жеңіл жазамен құтылатын болар деп есептедім. Сондықтан кешіруге мәжбүр болдым. Қорыта айтқанда, қазір қылмыскер қанша жерден ұсталып жатса да, жеңіл жазамен құтылады. Оған талай мәрте куә болдым. Сол себептен кешірім бергеннің де, бермегеннің де айырмасы жоқ сияқты.
Бауыржан ТАШИМОВ,
«Мерей» шаруа қожалығының мүшесі
Ұрлықты жасайтын бір топ
Жақында, ватсап желісіне түйенің суреті келді. Сосын түйесі бар жігіттер жиналып, мекенжай бойынша барса түйе көздіғаралық Қайырбай деген жігіттің түйесі екен. Жігіттер ұрлықтың үстінен түсіп, түйенің сырғасын тексерсе, сол аралықта ұрылар сырғаны ауыстырып үлгеріпті. Мал иесі түйесін ені арқылы таныған. Әрі түйені көлікке тиеп қойыпты. Көрдіңіздер ме? Ұрылар қой емес, сиыр емес түйенің өзін тиеп алып кетіп жатыр. Бұл деген әбден басынғандық қой. Жалпы, ауданда мал ұрлығымен айналысатындар көп емес. Өзі айналдырған бір топ. Солар біресе ана жақтан, біресе мына жақтан шығады. Менің де талай малым жоғалды. Ұрылар ұсталып та жатыр, бірақ, жазаланбайды. Кешірім бермейін десең, тәртіп сақшыларының өздері келіп «Аға қайтесіз? Егер сотқа берсеңіз шығыныңызды өтей алмай қаласыз» деп үгіттейді. Кешірім берсең, бір жылдан кейін айналып келіп, қайтадан ұрлайды. Енді шығыны құрсын, малым ұрланса бірден сотқа беремін деп шешімге келіп отырмын.
Зейнолла БАЙМҰРАТОВ,
«Әділ» шаруа қожалығының төрағасы
Дерекқор жұмысын жүйелеу керек
Мал ұрлығының алдын алу үшін ауданның бірдейлендіру дерекқорына малдарды толықтай енгізу мәселесін қолға алу керек. Біз түрлі ұрлық бойынша зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Мысалы, таяуда Жангелдин ауылында ұрланған жылқының 13 басы дерекқорда бар, 7 бас жылқы тіркелмеген. Өткенде бір шаруа қожалығынан 2 түйе сатылған. Бірақ, ол ауданның дерекқорынан жойылмаған. Сонымен қатар, Жангелдин ауылына бір тұрғынның арызы бойынша барып, зерделегенде қорасында 25 қой бар. Ал, дерекқорда оның меншігінде 95 қой тұр. Осы орайда, аудандағы бірдейлендіру дерекқоры дұрыс жолға қойылса деген ұсынысым бар.
Шалқар НАУРЫЗҒАЛИЕВ,
аудандық полиция бөлімі криминалдық
полиция бөлімшесінің жедел уәкілі,
полиция капитаны
Анықтама сырға нөмірімен беріледі
Заңдылық бойынша егер біреу өз малын сататын болса «Форма-1» анықтамасы беріледі. Ол анықтама мемлекеттік көрсетілетін қызметтер талабы бойынша бірдейлендіру дерекқорынан шығады. Бірақ, сатылатын мал біздің дерекқорда болуы тиіс. Анықтамаға малдың сырға нөмірі, мал тиейтін көлік нөмірі барлығы толықтай жазылады. Мұны ауданға қарасты барлық округтен алуға болады. Ал, етке тапсыратын малға аудандық ветеринариялық зертханадан сараптамалық актісі болуы керек. Басты талап – мал мал сою цехында сойылу қажет.
Жәнібек КЕНЖИН,
аудандық ветеринариялық стансаның басшысы
Жиынды қортындылаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Барлық ұсыныс-пікірлерді тыңдадық. Бірақ, бұл жерде тәртіп сақшылары мен мал иелері болып екі тарапқа бөлінудің қажеті жоқ. Қайта ұрлықпен бірлесе күресу керек. Учаскелік полиция қызметкерлері өз жұмыстарына қырағы болып, ауданда күдікті көрінген әрбір көлік пен азаматтарды қатаң бақылауда ұстаған дұрыс. Ал, тұрғындар малын қараусыз жібермеген жөн. Жаңа баяндамадан білгеніміздей былтырғы жылы ауданда 27 мал ұрлығы болған. Оның 19-ы ашылған. Ашылған қылмыстың сегізі ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 11 қылмыс қысқартылған. Қысқарған қылмыстың барлығы да жәбірленушінің кешірім беруінің нәтижесінде сотқа жетпеген. Бұл ұрыларға қайтадан мүмкіндік беріп отырмыз деген сөз. Олар ертең ұмыттырып барып, қылмысын қайта жасайды. Бұдан шығатын қорытынды – ұрыларға кешірім беріп, аяушылық танытудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, қазір ауданда дерекқорға тіркелмеген мал көп. Бұған өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында әріптестеріммен ауылдық округтерді аралағанда көз жеткіздім. Бір елдімекеннің өзінде 400-500 бас мал жайылып жүреді. Ал, дерекқордан қарасақ саны жүзге де жетпейді. Соларды түгелдей дерекқорға енгізу керек. Осы және басқа да жұмыстарды жүйелі түрде қолға алсақ, малымызға да, өзімізге де тигізер пайдасы зор, - деді.
Түйін
Екі сағатқа созылған жиында осы және басқа да мәселелер кең көлемде талқыланды. Тұрғындар «екі аяқты қасқырлардың» еркінсіп кеткеніне ашынса, тәртіп сақшылары мал иелерінен бақылауды күшейтуді сұрады. Жауапты мекеме басшылары заң аясында өз кеңестерін берді. Ең соңында қызу пікірталас тудырған жиынның түйіні «Аудандағы мал ұрлығының алдын алу үшін ауызбірлік керек» деген тоқтамға саяды.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН