Биыл араға 13 жыл салып қайта тойланған Республика күні аудан көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Әсіресе, аудан халқына ерекше көңіл-күй сыйлаған шаралардың бірі – «Бәйгетөбеде» өткен қолтума аттардың бәйгесі болды. Аудан әкімдігінің қолдауымен облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өткен бәйгеге Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарынан аузымен кұс тістеген жүйріктер қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Бүгінгі бәйгенің орны ерекше. Себебі, бұл дода ауылшаруашылығы және Республика күніне сай келіп отыр. Қос мерекенің де еліміз үшін әсіресе аудан үшін орны ерекше. Сондықтан бүгін осындай дүбірлі дода өткелі отыр. Әлімсақтан, бабаларымыз қазақ пен жылқыны егіз ұғым деп бағалаған. Баһадүр батырларымыз ат үстінде жүріп осынау байтақ даланы қорғап қалған. Кешегі Тайбурыл мен Құлагердің құлындары кең даланы дүбірге бөлемек. Ендеше, барша атбегілер мен шабандоздарға сәттілік тілеймін, - деді. Бұдан кейін облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов құттықтау тілегін жолдап, бәйгенің ресми түрде басталғандығын хабарлады.
Жарыс жолына алдымен тайлар шықты. 6 шақырымға созылған тай жарысқа барлығы 12 тай қатысты. Екі айналымда да ентікпей келген қарабаулық Ізбасар Иманғазының тайы мәре сызығын бірінші болып кессе, жылыойлық Серік Тәжиевтің тайы екінші, сағыздық Тимур Көшелековтің тайы үшінші орынды иеленді. Тайлардан кейін құнандар жарысты. Бұл додада бірінші орынды бейнеулік Берекет Айтқалиевтің, екінші орынды сағыздық Асқар Тілектестің, үшінші орынды қаратөбелік Қайрат Орынбасаровтың құнаны жеңіп алды. Бұдан соң көп ұзамай 18 шақырымға созылған топ бәйге басталды. Бұл додада бірінші болып қарабаулық Алтынбек Әбудың жүйрігі келсе, екінші орынға көршілес Қаратөбе ауданынан келген Нұрбек Сағынбаевтың аты табан тіреді. Үшінші орынды Бейнеу ауданының атбегісі Әбілмансұр Іргебаевтың тұлпары иеленді. Жұрттың көптен күткен қызықты додасы аламан бәйге болатын. 9 айналым 27 шақырымды құраған айтулы аламанға ауыздығымен алысқан сегіз жүйрік қатысты. Алғашқы айналымдарда бір-бірінен көп ұзай қоймаған тұлпарлар жетінші айналымнан бастап нағыз аламанды көрсетті. Халықтың қиқуынан қуат алған бейнеулік Әбілмансұр Іргебаевтың «Қызылкүрең» аты бірінші орынды иеленсе, онымен мәреге құйрық тістесе келген сағыздық Азамат Құраловтың «Тасқын» есімді тұлпары екінші орынды жеңіп алды. Мәре сызыған үшінші болып мұқырлық Аян Тайжановтың «Аұқсұңқары» кесті. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Бұл бәйгедегі жұрт назарын өзіне аударған тағы бір қызықты сәт – жамбы ату сайысы болды. Ат үстінде шауып келе жатып нысанаға тигізу нағыз ептілікті талап ететін спорт. Бұл додада көздіғаралық Жандос Құттыбай 6 ұпаймен бірінші, нысананы екі рет дәл көздеген жангелдиндік Құлбарақ Дүйсенғалиев екінші орынға ие болды. Жүлделі үшінші орынды мұқырлық Дулат Жұмабай мен ойылдық Нұрсұлтан Мұхит жеңіп алды. Айтпақшы көпшіліктің делебесін қоздырған бәйге кезінде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Оған ауданның барлық округінен өнімдер әкелген жеке кәсіпкерлер халыққа қолжетімді бағада өз өнімдерін ұсынды. Осылайша, дүбірлі доданы тамашалап, қолжетімді бағада азық-түлік алған тұрғындар ерекше шараның куәсі болып қайтты.
Дулат БЕРІКҰЛЫ