«Арман» мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының қатысуымен Республика күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Мемлекеттік Әнұран орындалған соң мінбеге көтерілген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Өткенге көз жүгіртсек, Республика күні 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, 2001-2009 жылдары мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Өйткені, 1990 жылы Республика Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Бұл декларация еліміздің тәуелсіздігін алу жолындағы ең тұңғыш қадам болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізіп, Республика күнін ұлттық мереке ретінде бекіту туралы Заңға қол қойды. Осылайша, еліміздің ең басты мерекесі биыл жоғары мәртебесіне қайта оралды. Республика күні халқымыздың достығы, жеткен жетістігі, елжандылық рухы насихатталып, бүгінгі Қазақстанның келбеті әлемге паш етіледі. Қазақстанның әр азаматы үшін ең айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, игілік пен бақыт, ырыс пен береке, әр бастаған істеріңізге сәттілік тілеймін! Мерейлі мереке құтты болсын! - деді.
Бұдан кейін аудан басшысы мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қайырғали Базарбаевқа ауданнық құрметті азаматы атағын табыс етсе, Есенбай Нұров (қорғаныс саласының ардагері), Ғариполла Жұмиев («Атырау» ш/қ. төрағасы), Жаңылсын Оразғалиеваларды (Миялы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы) облыс әкімінің, бір топ мемлекеттік қызметшілер мен мекеме қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.
Сондай-ақ, салтанатты жиынға қатысушыларға мерекелік құттықтау лебізін білдірген аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов бір топ азаматтарға облыстық және аудандық мәслихат хатшысының алғыс хатын табыс етті.
Мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Онда халықтық «Ақжелең» фольклорлық ансамблі халық күйі «Жайма қоңыр», Б.Ақтаевтың «Арнау» шығармаларын орындаса, аталмыш ансамбльдің сүйемелдеуімен жеке дауыста әнші Ләззат Тастаева халық әні «Ахау керімді» тамылжыта шырқады. Сондай-ақ, әншілер Зәуре Жұмағалиева, Нәзира Шоқан, Заманбек Абзалұлы «Қазақстан елдің аты», «Қазақстаным», «Қазақ тілі» әндерін тыңдармандарға ұсынып, «Ойыл аруы» бишілер тобы «Балауса» биін, «Жұлдызай» үлгілі бишілер тобы «Есіл еркелері» биін мың бұрала билеп, көрермендерді тәнті етті.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген автор