Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӨЗГЕРІСТІ ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЙЫҚ

Елдегі саяси және басқару жүйесіндегі реформаларға құқықтық негіз беретін бұл референдумның маңызы зор. Бұл – Қазақстанның болашағын айқындайтын қадам.

Сондықтан, ел-жұрт 5 маусымда елдегі өзгерістерге біркісідей атсалысып, қолдау көрсетеді деген үміт мол. Сонда ғана Жолдауда жарияланған реформалар халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда беки түседі. Жұрт өз таңдауы арқылы еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам жасайды. Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерде мемлекеттің басты капиталы – халқы және елдің, жердің иесі де сол халқы екенін айқындайтын басымдықтар бар.  Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгертілмек?

Жолдау аясында Қазақстанның жалпы жүйелік трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын саяси реформалардың 10 басым бағыты белгіленді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер сол бағыттарды жүзеге асырудың заңдық негізі болады. Өйткені, реформа саяси, құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді. Өзгеріс өзімізге керек. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді бекіту үшін өтетін референдумның мәні мен маңызы осында. Елдегі реформаларға құқықтық негіз болатын өзгерістер халық талқысына салынып отыр. Ендеше, оны қолдап, дауыс беру – елге жүктелген жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құжаты – Конституциясы. Ал ондағы жазылған әрбір сөз маңызды рөл атқаратынын әр қазақстандық түсінуі керек. Қазірден елдегі орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс саралап, ой түйіп, немқұрайлылық танытпау қажет.

Конституциялық реформа – еліміздің дамудың жаңа жолын таңдағанының көрінісі. Тарихқа көз жүгіртсек, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі әлемде бар тенденция. Алысқа бармай-ақ көршілес елдерде мұндай саяси процесстер жақын жылдарда болған. Сол себепті 27 жылдан кейін өткізілгелі отырған референдумға үрке қараудың еш жөні жоқ. Тиісінше, бұл қадам Конституциямызда айқындалған әр азаматтық конституциялық құқын растап, елдегі өзгерістерді өз таңдауына қалдырып отыр. 5 маусымда өтетін республикалық референдумға кәмелет жасына толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады.

Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі республикалық референдум қоғамдағы сенімсіздіктерді еңсеруге мүмкіндік береді.  Қазір көбіміз референдум дегеннің не екенін ұмыта да бастадық. Сондай-ақ, қоғамдағы сенімсіздік бойынша да мәселелер бар. Сондықтан Конституцияға түзетулер енгізу мен бүкілхалықтық референдум өткізу маңызды. Бұл түзетулерді Парламент арқылы өткізу оңай болар еді. Бізде ондай процедура бар және қолданылған. Бірақ бұл қолға алынған реформаларға жаңа леп беру үшін, мемлекетті басқару ісіне халықты араластыру үшін, екінші республиканы іске қосу үшін қажет символикалық қадам. Қазір қолданып жүрген Конституция референдумда қабылданғанын білеміз. Бірінші республиканың негізін сол конституция қалаған еді. Егер Екінші республиканы құру халықтың өз қалауын білдіруден басталса, қоғамды топтастыра алатын болады. Референдум қоғамға да, билікке де жағымды серпін береді. Өйткені үлкен құндылықтар төңірегінде, елдің жүйе құраушы құжатының айналасына топтасуға мүмкіндік туындайды.

Президент өкілетінің бірқатар функциясы Парламентке беріледі. Азаматтардың құқықтарын қорғайтын жаңа орган – Конституциялық сот құрылады. Ол орган сот жүйесінің ең жоғарғы сатысына айналады. Бұл жерге азаматтар заңға, мемлекеттік органдардың нормативтік шешімдері бойынша шағым түсіре алады. Осылайша Конституция тікелей әрекет заңына айналып, азаматтар конституциялық құқықтары шектелді деп есептесе, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Жоғары аудиторлық палата құру да маңызды. Ол бюджет қаржысының жұмсалуын барлық деңгейлерде қадағалайды. Қазіргі таңда тіпті Мәжілістің өзінде өңірлердегі бюжет қаражатының жұмсалуы туралы ақпаратты сұратуға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін бақылауға құқығы жоқ.

Референдум жайлы сөз қозғамас бұрын оның не екенін, әр үйге қандай өзгеріс әкелетінін ұғынған жөн. Ең алдымен референдум – бұл мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. 1995 жылғы референдумның негізгі мәні суперпрезиденттікті нақтылау, яғни, президентке көп өкілеттілік беру болған. Ал биылғы референдум керісінше, Мемлекет басшысының өкілеттігін шектеуді көздейді. Бұл саяси жүйені жүйелі түрде қайта құру үшін өте маңызды қадам. Осы жолғы референдум көздейтін өзекті мәселенің бірі – билікті халықпен бөлісу. Мысалы, онда тұрғындардың сайлау құқығының кеңеюі, белсенді азаматтардың саяси партия құруға мүмкіндігі, жерге иелік ету секілді маңызды тармақтары көрсетілген. Мемлекет басшысы 16 наурыздағы жолдауында саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынған. Соның нәтижесінде Конституцияға 33 өзгерту енгізу туралы бастама көтерілді. Өзгерістер негізінен Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік басқаруға қатысу үлесін арттыру үшін жасалуда. Сондықтан да аталмыш өзгерістерді референдум арқылы енгізу көзделіп отыр. Референдум арқылы адам құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Конституциялық сот туралы және адам құқықтары бойынша өкіл жайында конституцияға жаңадан екі бап қосылады. Мәселен, елімізде сот жүйесіне деген әділдік мәселесі өте өткір. 98-баптағы азаматтардың бекітілген құқықтары бұзылған жағдайда, ол конституциялық сотқа келіп, өзін қорғай алады. Конституциялық соттың шешімі кез келген соттың шешімінен жоғары. Азамат сайлау туралы заңда, партия туралы заңда, кез келген нормативтік заңнамада менің құқығым бұзылды деп келеді. Конституциялық сот егер осы шешімді шын мәнінде бұзылды десе, онда ол нормалар алып тастауға дейін барады.

Қазақстан халқы 5 маусымда Ата заңға 56 түзету енгізуге дауыс береді. Жаңа ереже бойынша Парламент мәжілісінде 98 депутат болады. Олар аралас жүйе бойынша сайланады: депутаттардың бір бөлігі партиялық тізім арқылы, екінші бөлігі кандидатты халықтың тікелей сайлауы арқылы сайланады. Ал жүктелген міндетін дұрыс атқармаған халық қалаулысынан сайлаушылар мандатын қайтарып алуға құқылы. Бірақ ол үшін белсенді топ құрылып қол жинауы тиіс. Бұл түзету әлі қарастылып жатыр. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар қалалардың және астана әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту көзделіп отыр. Облыс, қала, аудан, ауыл мәслихат мүшелері қолдамаса, әкім өңірді басқара алмайды. Президенттің өкілеттілігіне қатысты шектеулер де дауысқа салынады.

Экс-президенттердің Конституциялық кеңесте болу құқығын да алып тастау қарастырылған. Енді бірде-бір президент өз лауазымын аяқтағаннан кейін Конституциялық кеңеске немесе Конституциялық сот қатарына кіруге мүмкіндігі болмайды. Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.

Толқын БЕЙСҚАЛИ,

«Amanat» партиясы Қызылқоға аудандық

филиалының атқарушы хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT