Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МІНДЕТІН ОРЫНДАМАҒАН АЙЫППҰЛ АРҚАЛАЙДЫ

Сәрсенбі күні аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аудандағы елді мекендерді қардан тазалау жұмыстары туралы мәселе қаралды. Бұл бағытта хабарлама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаров ауданда қар тазалау жұмыстары жүргізіліп, көлік қатынасы қалыпқа келтірілгенін, алайда «Сағыз-Миялы-Қарабау» тас жолын тазалауда мердігер мекеме «AG DizefectionServices» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  өзіне жүктелген міндеттемелерді толық және мерзімінде орындамағаны үшін аудандық полиция бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылып, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде  айыппұл салынғанын тілге тиек етті.

Бұл ретте аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Екі күн қатарынан қар жауып, боран болуының салдарынан «Сағыз-Миялы-Қарабау» тас жолы жабылып, көлік қатынасы тоқтатылды. Жолды аршығанша тұрғындар тарапынан біраз реніш  болды. Осы орайда айта кетер жайт, аталмыш жол облыстық маңызы бар жолға жатады. Егер бұл жол ауданның теңгерімінде болса, онда конкурсты өзіміз өткізіп, жеңімпаз мекеменің жұмысын қадағалап, жұмыс жасамаса тиісті шарасын алар едік. Мұндай құзіреттілік болмағасын біз тек өз міндетін дұрыс атқармаған мердігер мекемеге аудандық полиция бөлімі арқылы айыппұл ғана салып, облыстық жол басқармасына  хабарлаймыз.   Егер мердігер мекеме алдағы уақытта жұмысын уақытында атқармаса,  тағы да айыппұл салып, келісім шартты бұзу жөнінде облысқа ұсыныс беріледі.  Сондай-ақ, бірқатар шаруа қожалық иелері қыстақтарға жол аршу, тамақ апару бағытында телефон соғып, әлеуметтік желілерге жазып жатыр. Тіпті, өздері қалада тұрып, шаруашылығына  көмек сұрайтындар бар. Алайда, олардың бәріне бірдей көмек көрсету мүмкіндігі болмай қалады. Өйткені қар тазалап жүрген мердігер мекемелер тек ауылішілік жолдары мен облыстық маңызы бар жолдарды ғана тазалайды.  Бұл ретте, шаруашылық иелері алдымен өзінің кәсіпкер екенін білуі тиіс. Сондықтан әкімдік тарапынан көмек күтіп жатып алмай, техника жалдау арқылы шаруашылығына жол аршып, қажетті заттарын, азық-түлігін апаруға жұмыстанған жөн. Ал, техникасы барлар қыстақтарының айналасын қардан тазартып болғасын жақын жердегі қожалықтарға да көмектесуі қажет. Қашанда бірлесіп жасаған жұмыс қана өз жемісін береді, - деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT