Өткен аптаның жұмасы күні «Арман» мәдениет үйінде әлеуметтік мәселелерді шешетін жоба ұсыну және оны жүзеге асыру бағыттары бойынша семинар өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудандағы үкіметтік емес ұйым өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Семинарды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты Азаматтық орталық мекемесінің Қызылқоға ауданындағы өкілі Айсәуле Ардаққызы:
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан үздік жобалар мен тың идеяларға көптеген гранттар берілуде. Ол жобалар жергілікті өзекті мәселелерді шешетін болуы керек. Алайда, жобаны ұсынғанда тек ауызша айта салу жеткіліксіз. Ұсынушы тарап жобаның маңыздылығын түсіндіріп, бюджетін бекітіп, жүзеге асыру аймағы мен уақытын көрсету керек. Ең бастысы – ұсынылатын жоба әлеуметтік мәселелерді шешіп, мейлінше көп адамды қамтуы тиіс. Соған орай, қоғам белсенділері мен жастар атсалысып, тың идеяларын ұсынғандары жөн, – деді. Бұдан соң қатысушыларға ЛЭД экран арқылы ұсынылатын жобаның бағыттары, оның бюджетін жасау, оны қорғау бойынша түсінік жұмыстары жүргізілді.
Ашылу салтанатынан соң қатысушылар бес топқа бөлініп, әрқайсысы өз жобаларын қағазға түсіріп, команда болып жұмыс жасады. Ал, түстен кейін әр команда өздері дайындаған жобаларды қорғады. Атап айтқанда, «Ойыл» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Есенбай Нұров пен Жүсіп Әбдіғали Ойыл өзенін дамыту жобасын ұсынса, сағыздық белсенді жас Әнуар Нұров жауын құрттарын өсіру бойынша тың идеясын ортаға салды.
Сондай-ақ, облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов ат спортын дамыту, Ойыл өзені бойынан этно-ауыл жасақтау туралы өз жобасын қорғаса, «Қызылқоға – құтты мекенім» қорының жетекшісі Ризабек Амантай ауданда ұлттық спортты өркендету бойынша жасақтаған жобасын таныстырды. Ал, «Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дулат Ғұбайдуллин спорт кешені салынбаған алыс ауылдарда бұқаралық спортты дамыту мүмкіндіктерін көрсетті.
Кездесуді қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев ұсынылған жобалар жан-жақты сараланып, гранттарға ұсынылатындығын жеткізіп, қатысушыларға Алғыс хаттар табыстады.