Әлбетте, жасы кішілердің үлкеннің батасын алып, ақылын тыңдай білгендігі жөн екендігі ақиқат. Бұл ретте, тағайындалғанына бір аптаға жетпеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов өзінің алғашқы кездесуін аудандағы ардагерлермен кездесуден бастады.
- Әрдайым, қартын сыйлаған ел бақытты. Сондықтан, облыс әкімінің сенім артуымен ауданға әкім болып тағайындалғаннан кейін алғашқы кездесуімді Сіздермен дидарласып, ақыл-кеңестеріңді тыңдаудан бастағанды жөн көрдім. Әрбір айтқан ұсыныс-пікірлеріңіз біздің болашақта жасалатын жұмыстарға бағыт-бағдар береді деген сенімдемін,- деді аудан басшысы.
Кездесу барысында, ауданның ардагерлері бірінен соң бірі сөз алып, аудан орталығынан саябақ салу, малдың қи-тезектерін бизнес көздеріне айналдыру, кадр мәселесіне мән беру, рентген аппаратына түсіретін маман табу, «Арман» мәдениет үйінің артқы жағындағы бос жатқан жерге балалар ойын алаңын салу, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созу, Ойыл өзеніндегі бөгеттерді бұздыру бағытында жұмыстар жүргізу және тағы да басқа ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі.
Қорытынды сөз сөйлеген аудан басшысы алдағы бұл ұсыныс-пікірлердің барлығы ескеріліп, шешілу жолдары қарастыралатындығын тілге тиек етті. Сөйтіп, аудан басшысының алғашқы кездесуі көпті көрген қариялар мен ардагерлердің ақ батасын алудан басталды.
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ