Бүгін Қызылқоға аудандық орталық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Абай атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл толуына орай, жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Көркем сөздің хас шебері» атты кітап көрмесі өтті.
Көрме барысында экраннан жазушының өмірі мен шығармалары қамтылған бейнебаян көрсетілді. Кітапхана қорындағы жазушының шығармалары мен ол туралы әдебиеттерден жасақталған кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге жазушының өмірі мен шығармашылығы енгізілген әдебиеттер: «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақтар», «Жазушылар әлемі», «Қазақстан жазушылары» », Ғ.Мұстафин туралы естеліктер және 1970-1973 жылдары «Жазушы» баспасынан шыққан 4 томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 1981-1984 жылдары «Жазушы» баспасынан шыққан 5 томдық шығармалар жинағы, 2002-2005 жылдары «Елорда» баспасынан шыққан 5 томдық шығармалар жинағы, сонымен қатар «Өмір белестері», «Дауылдан кейін», «Шығанақ», «Ой әуендері», «Жиырма бес» кітаптары мен орыс тіліне аударылған шығармалары «После бури», «Шиганак Берсиев», «Миллионер», «Очевидец», «Караганда» көрмеден орын алды.
Көрмені кітапханашылар К.Сатаева мен М.Өтежанова таныстырды. Сондай-ақ Б.Аманшин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзира Мұхитқызы оқырмандарға жазушының өмірі мен шығармашылығынан кеңінен мәлімет берді.
Дулат БЕРІК