Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мұқырда жаңа әкім

Кеше Мұқыр ауылдық округінің 2 орта мектеп акт залында аудан әкімі Қанат Әзмұханов Мұқыр ауылдық округінің жаңа әкімін ауыл тұрғындарына таныстырды.

- Өздеріңізге мәлім, Мұқыр ауылдық округінің әкімі лауазымында төрт жылға жуық қызмет атқарған Мереке Есқалиев қыркүйек айында өз арызы негізінде округ әкімі лауазымынан босатылған болатын. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер енгізуіне орай, 2021 жылдан бастап ауылдық округтер әкімдерін тікелей халық сайлайтын болып бекітілді. Бүгінге дейін, Қызылқоға ауданы бойынша 5 ауылдық округтің әкімін халық тікелей сайласа, 9 қазанда округте алғаш рет Мұқыр ауылдық округі әкімінің сайлауына баршаңыз қатысып, өз таңдауларыңызды жасадыңыздар. Сайлаудың қорытынды шешіміне сәйкес, Мұқыр ауылдық округінің әкімі лауазымына Азамат Жақсиев тағайындалып отыр. Тәжірибелі, өз ісінің білікті маманы ретінде үлкен сенім артамын. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін, - деген аудан басшысы жаңа округ әкімінің өмірбаянымен таныстырды.

1989 жылдың 12 қазанында Қызылқоға ауданында дүниеге келген Азамат Жақсиев 2011 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын сол жылы Миялы ауылдық округі әкімі аппаратында салық маманы болып бастаған ол 2012-2019 жылдары Қызылқоға аудандық құрылыс бөлімінде заңгер, аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас маманы, ауданы әкім аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы болды. 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылқоға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

Жиналыста Мұқыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақниет Сахиев пен еңбек ардагері Ораш Өтегенов сөз сөйлеп, жаңа округ әкімінің жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз сөйлеген жаңа әкім Азамат Жақсиев сенім білдірушілерге рахмет айтып, ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, әрбір істі бірлесе шешетіндігін мәлімдеді.

 

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521