Бүгін «Арман» мәдениет үйінде Алғыс айту күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудандағы өзге ұлт өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы және бөлім, мекеме басшылары қатысты. Шараны ашқан аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Көктемнің келуі – әрбір жыл үшін жылылықпен қатар, адамдардың бойында алдағы күндерге үкілі үмітін артатын шақ. Бұл шақтың алғашқы сәті алғыс айту күні ретінде айшықталуы зор мәнге ие. Қазақ халқында алғыс – ежелден шынайы тілек, риясыз көңіл, жылы көзқараспен өріледі. Осы орайда, аудандағы татулық мен тұрақтылықтың үлгісі болып отырған өзге ұлт өкілдеріне, дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына және басқа да ел дамуына үлесін қосып келе жатқан жандарға алғысымды білдіремін – деді. Кеш қонақтарына аудан әкімі атынан мерекелік гүл шоғы мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Одан әрі кезек құттықтау тілекке беріліп, онда сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин мен ауданның Құрметті азаматы Жәния Ізбасқан игі тілектерін ақтарды. Шара барысында Мейрамгүл Болатқызы «Жақсы адамдарым» әнін орындаса, «Арман» мәдениет үйіжанындағы драма үйірмесінің оқушылары Р.Әбілханованың «Алғыс айтам» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Салтанатты шараны Раушангүл Александрқызы «Алғыс» әнімен түйіндеді.
Дулат БЕРІКҰЛЫ