Қазіргі таңда еліміз бойынша өтіп жатқан «Қайырымды ұлт» ауқымды акциясында жерлес кәсіпкер Айбек Меңдіғарин тағы да белсенділік көрсетіп, аудандағы аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек берді.
Кәсіпкердің бөлген 500 мың теңгені аудан әкімі атынан әз Наурыз мерекесі қарсаңында Миялы, Жангелдин ауылындағы бес отбасына табыс еткен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов:
– Акция аясында жерлес кәсіпкердің берген қаржысы 25 отбасыға 20 мың теңгеден берілуде. Округ әкімдері өз округтеріндегі отбасына қаржыларын мереке күні табыс етеді, - деді.
Сонымен бірге, Айбек Меңдіғарин халықаралық «Pisa» зерттеуінің жүргізілуіне қатысатын Кенбай, Мұқыр орта мектеп оқушыларының жоғары деңгейде дайындық жасауға септігін тигізетін ресурстар сатып алуға 200 мың теңге қаржылай көмек берді. Бұл оқушылардың функциялдық сауаттылықтарын көтеруге, білім сапасын арттыруға, креативті ойлау жүйесін дамытуға үлес қосатыны сөзсіз. Ендеше, қайырымдылық ісімен қашанда көзге түсіп жүретін Айбекке ісі алға басып, кәсібінен табар нәсібі көбейе берсін демекпіз.
Бауыржан САҚТАСИНОВ