Бүгін Х.Досмұхемедұлы атындағы орта мектеп ұжымы мектептің құрылғанына 100 жыл толуын атап өтті. Аяпберген Науанұлы 1922 жылы негізін қалаған екі сыныптық мектеп алғашқыда «Аяпбергеннің ақ школы» деген атқа ие болса, әр жылдарда Қамыскөл жетіжылдық мектебі, Ворошилов, Н.К.Крупская атындағы орта мектеп болып өзгеріп, 1996 жылы Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедұлының есімі берілді.
Мектеп ғимараты алдындағы Х.Досмұхамедұлы ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен кейін қонақтар мектеп мұғалімдері мен оқушыларының қолынан шыққан көрмелерді тамашалап, мектеп музейіндегі жәдігерлермен, мектеп тарихымен танысты. Мектеп асханасынан қазақы дәстүр бойынша ақтан ауыз тиіп шыққан қонақтар мен ардагер ұстаздар, мұғалімдер «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Ғасыр жасаған ғажайып мектеп» атты салтанатты шараның куәсі болды. Онда мектеп ұжымы концерттік бағдарлама ұсынып, мектеп мұғалімдері мен қызметкерлер түрлі деңгейдегі марапаттармен ұлықталды. Бұдан кейін қонақтар «Бақыт» мейрамханасында жайылған мерекелік дастарханнан дәм татып, ұжымға ізгі тілектерін арнады.