Бұл туралы Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралин мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аудан тұрғындарының 90%-ы мал шаруашылығымен айналысады. Биыл аудандағы 33824 бас сиыр, 141750 бас қой-ешкі, 15784 жылқы, 1816 бас түйеге қажетті мал азығы 136760 тонна деп жоспарланған.
-Оның ішінде жеке тұрғындарға қажетті мал азығы 67447 тонна болса, шаруа қожалықтарына 69313 тонна керек. Өткен жылдан 5810 тонна мал азығы қалды. Аудан бойынша қыстан шығу үшін 136 760 тонна шөп қажет болса, бүгінде дайындалғаны 80 мың тоннаға жуықтайды, - деді Е.Нұралин.
Енді мал азығының бағасын тұрақтандыру мақсатында, аудандық жер комиссиясының шешімімен Тайсойған сынақ полигоны жерінен 11 мал азығын дайындаушыға 22000 гектар жер және 24 шаруагерге ауданның теңгерімінен (Темірбай, Жайыққожа, Тайман, Ұлықпан, Баба, Шеңгелді алқаптары) 25700 гектар жер учаскесі берілді. Барлығы 35 аграрға 47 700 гектар шабындық жер берілді.