...Бұл отбасы сонау тоқсаныншы жылы Атырау облысы (бұрынғы Гурьев), Индер ауданы, Елтай селосы, Амангелді қой совхозында тұрады.
Совхоз малшылары қыстайтын Гогольск деген жерден малшылар жайлауға көшкенде, жалғыз үй қыстағын қарауылдап, қысқа дайындайтын. Жылдағы әдетімен қарапайым отбасы шаруасын күйттеп, жайбарақат күн, жайлы ғұмыр кешіп жатты. Алайда, тоқсаныншы жылдың көктемі бұл отбасыға қасірет келетінін олар да, ешкім де білген жоқ еді. Бес бірдей бала-шағамен шырт ұйқыда жатқан кезде үй ішіне алапат тасқын басып кіреді. Кенеттен соққан суық судан есеңгіреп қалған әке мен шеше бес бірдей баласын таба алмай, әп-сәтте көз жазып қалды.
Айнала алай-дүлей, алағай-бұлағай. Көлкіген судан құлындарын таба алмай зарлаған ата-ана. Көз алдында қатар тізіліп ұйықтап жатқан балаларынан бір түнде, қаннен қаперсіз уақытта айырылып қалуды елестетудің өзі ауыр. Содан бері бұл отбасы сол оқиға жайында ешбір жерде әңгіме қылып айтпаған. Балалардың әкесі ағайындарына ғана болған жайтты қысқа қайыратын көрінеді. Бізге бұл оқиғаны осы әулеттегі балалардың үлкені – Жанат Оңғар баяндап берді.
«Иә, бұл – табиғат апатын суреттейтін шытырман оқиғалы голливудтық фильмнің сценариі емес. Бұл қарапайым тірлік кешіп жатқан менің отбасымда болған жайт. Ол кезде, мен Елтайдағы нағашыларымның үйінде жатып, мектепте оқитын едім. Жасым небәрі – 10-да. Бала болсамда осы қаралы хабар – көз алдымда қалып қойған. Бауырларымның денесін тасқын судан таба алмай ұзақ іздеп, кезекпен-кезек әкеліп жерлегені де көз алдымда. Содан кейін кері қайтып әке-шешем қыстаққа бармайтын болды. 1991 жылы інілі болдым. Қазір анам сол інімнің қолында немерелерінің қызығын қызықтап тұрып жатқан жайы бар», - дейді Жанат.
- Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі, жедел ақпарат тарату болса, ерте қамданса біздің отбасы судың астында қалмас еді деп ойлаймын. Қазір әкем о дүниелік болды. Анам – 64-те. Осы кездеге дейін 34 жыл уақыт өтсе де, анам бірде бір рет бұл оқиғаны ешкімге, тіпті бізге де айтқан емес. Әкем бауырларына ғана айтатын. Үнемі қасында жүргендіктен естіп өстім. Қазір Алматыда тұрамын. Ел жақ аман ба? - деп үйге анама хабарласқанда осы жолы су тасқыны жайында елдегі жайды бірінші рет сұрадым. Сол кезде анам үндемей қалды да: «Е жарықтық, жылда көктемгі тасқынның алдында ұзақ жаңбыр жауатыны бар ғой. Биыл да солай болды», деп бір қайырды. Анам жыл сайын әр көктемде жауынның қанша уақыт жауатынын да қадағалап жүрген ғой... қатты таңғалдым. Өзім де мұңайып қалдым», - дейді Жанат көзіне жас алып.
Жанат Оңғар – М.Әуезов атындағы ұлттық қазақ драма театрының әкімшісі (администратор), Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистранты. Қазіргі елдегі су тасқынына байланысты қатты алаңдаулы екенін айтады.
«Отыз жыл бұрынғы су тасқыны қайталанбаса екен, тасқын болса да мал, мүлік суға шәйіліп кетсе де адам аман болсыншы» деп тілейді.
Нұргүл Насыр