Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРҒА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ

Бүгін «Арман» мәдениет үйінде қазақтың өр рухты ақыны, батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл, айтыскер ақын, жыршы Мұрат Мөңкеұлының туғанына 180 жыл және Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз әрі ғалым Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Тарих және рухани сабақтастық» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Онда алдымен сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Қызылқоға өңірі қазақ еліне, тарихы мен әдебиетіне үлкен тұлғаларды сыйға тартқан қасиетті өлке. Бүгінгі республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуіне себепші болған дауылпаз ақын, батыр Махамбет Өтемісұлы, жыршы Мұрат Мөңкеұлы, дәрігер, ғалым Халел Досмұхамедұлы осы қасиетті өлкеде кіндік қаны тамған тұлғалар. Ендеше, Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған конференцияға келген ғалымдар мен қонақтарға аудан тұрғындары атынан алғысымды білдіре отырып, сәттілік тілеймін! - деді.

Конференция барысында саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Айтматов атындағы халықаралық академиясының академигі, «Арыс» қорының президенті Әнес Ғарифолла «Х.Досмұхамедұлының тұлғалық энциклопедиясын түзудің принциптері», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымов «Мұрат ақынның мұрасы», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры, ақын, өлкетанушы Төлеген Жаңабайұлы «Махамбет пен Халел – замана тамыршылары», алаштанушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, публицист, филология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектеп-тегі «Халел Досмұхамедұлы – баспагер һәм редактор», филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Орынай Жұбай «Махамбет поэзиясындағы өршіл рух», тарих ғылымдарының докторы, Х.Б.Табылдиев атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Сайпулла Сапанов «Мұрат шығармаларындағы өлкетану мәселелері», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, қауымдастырылған профессор Ғабит Базарғалиев «Қоғам және мемлекет қайраткері Х.Досмұхамедов», философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Алтай Тайжанов «Мұрат Мөңкеұлы және қазіргі заман» тақырыптарында баяндама жасады.

Сондай-ақ, басқосуда облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы, ректоры Саламат Ідірісов, қоғам қайраткері, меценат, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Жауғашты Нәбиев, Ойыл аудандық мәдениет, тілдерді, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Шамшырақ Сәдуақасқызы конференция тақырыбы бойынша пікірлерін білдірді. Конференцияға қатысушылар мәдениет үйінің фоесінде Қызылқоға тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз әрі ғалым Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына арналған «Тарих тұғырындағы тұлға» атты тұрақты көрмені тамашалады.

Бауыржан ЕРЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521