Аудан электр жүйесінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосып, халықтың игілігі жолында еселі еңбек еткен Батыл Қосжановты қалай құрметке бөлесе де жарасымды?! Себебі, оның халықты жарықпен қамтамасыз етудегі адал қызметі бүгінгі және кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігі сөзсіз.
1953 жылы Көздіғара ауылдық округінде дүниеге келген ол 1970 жылы орта мектепті бітірген соң «Казсельхозтехника» мекемесінде автослесарь болып еңбек жолын бастайды. Сол жылы аудандық әскери комсиссариаттың жолдамасымен Атырау қаласындағы «Теңізшілер клубы» жанындағы курсты «электромеханик-дизелисті» мамандығы бойынша тәмамдап, Миялы ауылындағы орталық дизельді электростансасына дизелист болып еңбек етеді. 1973 жылы отан алдындағы борышын өтеп келіп, қайтадан «АПДЭС-200» дизелді электростансасына электр монтері болып жұмысқа орналасады.
1974 жылы ауданға Ақтөбе облысынан жоғары кернеулі электр желісі тартылып, жұмыс қыза түскен шақта, электромонтер, аға электромонтер, бригадир бола жүріп, қосымша газ дәнекерлеуші мамандығын да игеріп алады. 1978 жылы Миялы ауылындағы подстансасының электр қондырғыларын жаңарту кезінде күрделі темір бөлшектерін шеберлікпен дәнекерлегені жоғары бағаланып, «Өте жоғары кәсіби шебер» деген атаққа ие болады. Қызметтен қол үзбей жүріп, Гурьев политехникалық техникумының «Өндіріс электр жабдықтары мен қондырғылары» факультетін сырттай бітіріп, білімін жетілдіреді.
Халықты электр қуатымен сапалы қамтамасыз етуде талай қиындықтарға төтеп беріп, адал еңбек ете жүріп, аға шебер қызметіне жоғарылатылады. 1993 жылдан 2011 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанша аудандық электр жүйесінің бас инженері, бастығы қызметтерін абыроймен атқара жүріп, халықтың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізу тұрғысында қалтқысыз қызмет етіп, аудандық мәслихат депутаты болды. Осынау еселі еңбегі елеусіз қалмаған кейіпкеріміз 2012 жылы Қазақстан Республикасы Электр энергетикалық қауымдастығының «Құрметті энергетигі» атанды.
Халқымызда «Әке көрген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер» деген керемет мақал бар емес пе?! Бұл ретте Батыл Орынұлының балалары әке жолын жалғастырып келеді. Айталық, үлкені Нұржан аудандық электр желілері бөлімшесінде желілік қорғау автоматтандыру маманы болса, қызы Гүлжайна осы бөлімшеде техник-электрик, кіші ұлы Ержан желілік элетро монтер болып етеді. Ал, атасының ізгі жолын жалғастыруды мақсат еткен немересі Ерасыл да Алматы энергетика байланыс университетін тәмамдады. Ендеше, саналы ғұмырының 40 жылға жуығын энергетика саласының дамуына арнаған Батыл Орынұлын жас ұрпаққа үлгі етіп, әріптестері құрметке бөлеп жатса керемет емес пе?! Осыны жете сезінген «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының басшылары еселі еңбегімен елге елеулі болған кейіпкеріміздің есімін Көздіғара ауылдық округіндегі №36 Қоныстану подстансасына беруді қолға алып, ол салтанатты түрде ашылды. Салтанатты шарада алдымен құттықтау сөз сөйлеген «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының президенті Мейірбек Уахитұлы:
– Батыл ағамыздың есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Егемендік алған жылдары еліміз бойынша барлық энергетика саласы тоқырауға ұшырап, қараңғы ауылдар көбейген тұс болатын. Сол уақыттарда ағамыздың өзі бастап жүріп, ұжымдас қызметкерлерімен бірге күн-түні ауылдарға үздіксіз электр жарығын беруге жұмыстанып, аянбай еңбек еткені ауылдастарының әлі күнге дейін есінде. Міне, осындай ел үшін қызмет еткен аяулы ағамыздың есіме ел есінде қалсын деп, ардақты ағаның есімін станса атына беруді қолға алдық. Бұл ерен еңбекке көрсетілген құрмет деп білерсіздер, - деді.
Шара барысында, сөз алған Көздіғара ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Ерекенов пен Батыл Орынұлының құдасы Абат Мергенов бүгінгі шараның мәні мен маңызы зор екендігіне тоқталса, Батыл Орынұлы ел игілігі үшін сіңірген еңбегін елеп, құрмет көрсетіп жатқан әріптестеріне зор ризашылығын білдіріп, рахметін жеткізді.
Ескертікіш тақтаның ақ матасын «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының президенті Мейірбек Уахитұлы мен еңбек ардагері Батыл Орынұлының өзі ашып, қуанышқа ортақтасуға келген әжелер қазақы дәстүрмен шашу шашты. Бұдан соң, шараға жиналған қонақтар Батыл Қосжанов атындағы №36 Қоныстану подстансасының тыныс-тіршілігімен танысты.
Кәмшат ӘБІШ,
Суреттерді түсірген автор