Сейсенбі күні округ әкімдердің есеп беру жиыны Жангелдин ауылдық округінен бастау алды.
Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысқан жиын Жангелдин мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Онда өткен жылы атқарған жұмыстарын баяндаған округ әкімі Аязбай Оразовтың айтуынша, шаруа қожалықтары мал басын асылдандыруға ден қойып, техникаларын жаңғыртуды қолға алған. Жыл ішінде 10 шаруа қожалығы мал басын асылдандыру мақсатында 9 бас асыл тұқымды бұқа, 109 бас асыл тұқымды сиыр сатып алды. Бруцеллез ауруына қарсы тексерілген 2 мың 709 бас мүйізді ірі қараның 12 басынан, 11 мың 099 бас қой-ешкінің 460 басынан оң реакция беріп, жойылды. Өткен жылмен салыстырғанда бруцеллез ауруы мүйізді ірі қара малынан 19 басқа азайса, қой-ешкі 111 басқа көбейіп отыр. Өткен жылы есеп беру жиынындағы ауыл тұрғыны Дәмеш Есқуатованың ұсынысына сай, Жангелдин дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеуге 6 миллион 384,0 мың теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Баяндамадан соң жарыссөзге шыққан ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бағыт Маханов, «Аян» шаруа қожалығының жетекшісі Әнуар Аманғали, Миялы орта мектебінің мұғалімі Гүлдана Қабылқайырова округ әкімінің есебін мақұлдай келе, балабақша мен спорт мектебі ғимараттарының ескі екенін және ауыл тұрғындарына мәдениет үйінің тарлық ететіндігін тілге тиек етіп, соларды жаңартуды, мектепке жөндеу жұмыстарын жалғастыру қажеттігін жеткізіп, жастарды ауыл шаруашылығымен айналысып, жермен жұмыс жасауға шақырды. Ал, ауыл тұрғыны Зерше Бисұлтан ауыз судың стандартқа сай еместігіне, өр суының тасымауына алаңдаушылық білдірсе, Төлеген Бержанов ауыл кітапханасының өзі тар мәдениет үйінің шағын бөлмесінде екенін жеткізіп, спорт мектебінде күрестен басқа да спорт түрлерін дамытуды, жас ұрпақты ата-бабаларының ауылға сіңірген еңбегін біліп жүру мақсатында мектепте музей бөлмесін ашуды, Мұқанбет Дәулетов ауыл іргесіндегі зираттарды қоршауды ұсынды.
Бұдан кейін баяндамаға анықтама берген аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтің пікірінше, округ әкімі баяндама бойынша жасап отырған жұмысын толық көрсете алмай отыр. Мал саны, берілген субсидия көлемі, инвестицияға тартылған қаражат көлемі, бруцеллез ауруына қарсы тексерілген мал басында айырмашылық болса, жайылымға қажетті жер телімдері, жерді электронды картаға түсіру, мал бақтыру мәселелері айтылмай қалды. Бүгінгідей аудан әкімі, сала басшылары қатысқан алқалы жиында түйінді мәселелерді көтеріп, шешіп алуға жұмыстану қажет.
Ал, есеп беру жиынын қорытындылаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Әрине, бүгінгі жиында айтылған барлық пікірлер мен ұсыныстар орынды. Олардың барлығы да біздің назарымызда. Балабақша, спорт алаңын салуға жұмыстанамыз. Миялы, Жангелдин ауылының тұрғындары пайдаланып отырған «Қарасу» су қорын тұшытуға құрылғы қондырылды. Жақында іске қосылады. Ал, өр суының тасуы табиғатқа байланысты. Айтылған ұсыныстардың барлығын бір мезгілде шешу мүмкін емес, кезең-кезеңімен шешіледі. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Ертеңгі талап бүгінгіден жоғары болады. Сондықтан, белсенділік қажет, - деді.