Бұдан кейін аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев бастаған топ Ойыл ауылдық округіне ат басын бұрды.
Онда аудан басшысы алдымен «Шалқыма» мәдениет үйінің жағдайымен танысты. Мәдениет үйінде өткен жиында Ойыл ауылдық округінің әкімі Мағжан Жексенов өткен жылы жасалған жұмыстары жайлы баяндама жасады. Округ әкімінің баяндауынша, өткен жылы бюджет және салықтық түсімдер бойынша 2 миллион 672 мың 355 теңге түсіп, 2018 жылмен салыстырғанда 531 мың 532 теңгеге көбейді. Бес шаруа қожалығы сатып алған асыл тұқымды малға және селекциялық жұмыстарға 19 миллион 309 000 теңге төленді. Жасқайрат ауылынан жаңадан салынатын 102 үйдің жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
Биылғы жылы сараптамадан өткізіліп, қаражат мәселесі шешілген кезде құрылыс жұмыстары басталады. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Жасқайрат ауылындағы орталық стадионға спорттық тренажерлар, Аққора елді мекеніндегі балалар ойын алаңына ойын құрылғыларын орнатылды. «Шалқыма» мәдениет үйінің екінші қабатындағы күрес залына кәсіпкер Құрманбек Жаңабаевтың демеушілігімен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Ш.Еркінов атындағы орта мектептің спорт залы мен «Шалқыма» мәдениет үйіндегі күрес залы оқушылар мен ауыл жастарының спортпен айналысу үшін кешкілік мезгілде жұмыс жасайды.
Жарыссөзге қатысқан зейнеткер Құлым Иманбаев, мәдениет саласының ардагері Ұлмекен Бердіғалиева, «Жасқайрат» дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Айдарбек Әбілқайыров округ әкімінің жыл ішінде жасаған жұмыстарын мақұлдап, аудан басшысынан «Шалқыма» мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлуді, кіші аяқ доп алаңын салуға көмектесуін сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы Нұрсұлтан Бисембиев мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаты жасақталып тұрғанын, ары қарай жұмысты жалғастыру үшін облыстық бюджеттен қаржы сұрау қажеттігін, ал спорт алаңдарын салу жоспарда бар екенін атап өтті.
Бауыржан САҚТАСИНОВ