Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тал егу қағаз жүзінде қалмасын

Тазалыққа барлық тұрғын жауапты

Әлбетте, тазалық мәселесі күн тәртібінен түспейтіні анық. Өйткені, көшелердің көрікті болып, әрбір тұрғын үйдің алды мұнтаздай тап-таза, айнадай жылтырап тұрса керемет емес пе?!

Ал тазалық сақтау аудандағы әрбір тұрғынның басты міндеті болуы тиіс. Міне, осы мәселені әркез басты назарда ұстайтын аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде үш мәселе қаралды. Онда алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Кенжебек Камаладенов көктемгі тазалық айлығының жүру барысы туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша, аудан әкімінің қаулысына сәйкес 1 сәуір мен 27 мамыр аралығы санитарлық тазалық айлығы болып жарияланғаны мәлім.

Айлық барысында, 7 рет сенбілік өткізіліп, 297 тонна қоқыс шығарылса, биыл егілуге тиісті 6100 түп көшеттің 2983 түбі отырғызылды. Қалған көшеттер күзгі маусымда егіледі. Сондай-ақ, тазалық айлығы кезінде жүйелі жұмыстарды жүргізу үшін орта және кіші бизнес нысандарына да сенбілік өткізу туралы жазбаша хабарлама таратылып, үш күннің ішінде нысан аумақтарын тазалап, ақтап, сырлау жұмыстарын жүргізбеген жағдайда, әкімшілік шара қолданылатыны ескертілді. Хабарламашыны мұқият тыңдаған аудан басшысы:

«Ауыл ішін аралап, тазалықтарына мән беріп жүремін. Мұнтаздай таза деп айта алмаймын. Әлі де тұрғын үйлердің айналасында тұрмыс қалдықтары жатады. Сондықтан ескертуді кәсіпкерлерге ғана емес, ауыл тұрғындарына да беру керек. Себебі, әр үйдің алды таза болуы сол үйде тұратын тұрғынына байланысты екендігі аян. Егер ескертуді орындамаған жағдайда айыппұл салу керек. Мүмкін тұрғындар айыппұл салынатындығын білмейтін болар. Сондықтан оларға алдымен түсінік жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл барлық округ әкімдеріне де берілген тапсырма. Ал, ескерту беріліп, тазалыққа енжарлық танытатын тұрғынға тәртіптік шара алынбаса, онда тиісті бөлім басшысы мен округ әкімдері жауап беруі керек. Мұның орындалысын әр екі апта сайын беріп тұруды аппарат басшысына тапсырамын» деді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қосымша Миялы және Сағыз ауылдық округі әкімдерінің хабарламасы тыңдалды. Олардың мәлімдеуінше, Миялы ауылы бойынша тазалық айлығы аясында өткен сенбілікте 87 тонна қоқыс шығарылды. Қазіргі таңда, көшелерге қойылған 120 дана контейнердегі қоқысты жинақтап, арнайы орынға төгу жұмыстары жүруде. Кәсіпкерлік нысан иелері мен тұрғын үй иелеріне айналасындағы тұрмыстық қалдықтарды жинау және абаттандыру қажеттігі ескертілді. Жоспар бойынша егілуі тиіс 1 100 түп көшеттің 500 данасы отырғызылса, қалғаны күзде егіледі. Өткен жылы облыстық бюджет арқылы сатып алынған тұрмыстық қатты қалдықтарды жою және орналастыру алаңына қажетті ангар және сұрыптау электр желісін орнатуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтті. Енді аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін қаражат қажет.

Ал, Сағыз ауылында ұйымдастырылған сенбілікте 17 тонна тұрмыстық қалдық шығарылса, мемлекеттік сатып алу порталына берілген тиегішке (погрузщик) «Millhouse Capital KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, көлемі 28 гектар жерді құрайтын күл-қоқыс алаңын қоршау жұмыстарына «Гранд Мастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып, келісім шарт жасақталды. Ал, көшелерінің тазалығын сақтап, ауылішілік жолдарды күтіп ұстап, 50 дана контейнер сатып алу үшін порталға берілгенімен, әзірге жеңімпаз анықталмай тұр. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиісті орындарға уақытылы шығару үшін 334 отбасыға ескерту қағаздары беріліп, үш тұрғынға учаскелік полиция инспекторы арқылы 8625 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қаржы далаға кетпеуі керек

Бұдан кейін келесі жылға көктемгі өр суына дайындық барысы туралы хабарлама жасаған аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлімінің басшысы Азамат Қаленов биыл өр суының тасуы кезінде су басу қаупі төнген елді мекендердің айналасындағы бөгеттер көтеріліп, қосымша бөгеттер тұрғызу жұмыстары жүргізілгендігін, «Кезауыз-Қарабау» каналының ауылға кіреберіс жеріне қосымша су өткізгіш (шлюз) орнату, су жырып кеткен «Асаубай», «Бекмырза» бөгеттерін қалпына келтіру және басқа да жұмыстарды жасау үшін қажетті қаржы керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, мәжілісте аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаевтың аудан бойынша мерекелік іс-шаралар жоспары мен олардың орындалысы туралы хабарлама тыңдалды. Аппарат жиынын қорытындылаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Қазір ақылы негіздегі қоғамдық жұмыстарға тартылғандар негізінен ауыл тазалығымен айналысады. Алайда, кейбіреулері бұл жұмыста белсенділік танытады деп айтуға болмайды. Тек уақыт өткізіп, ақшасын алуды ойлайды. Осы тұста, жұмысқа келіп-кетуді ғана ойлайтын қоғамдық жұмысқа тартылушыларды жұмыстан босатып, орнына кезекте тұрған, сапалы жұмыс жасауға ниеттілерін тарту ләзім. Сонда нәтижелі жұмыс болады. Сондай-ақ, әр округтегі елді мекендерді аумақтарға бөліп, тазалықты бақылау сол жердегі бөлім, мекеме басшылары жауапты болуы керек. Сөйтіп, тазалықпен айналысатындарды күнделікті бақылау жүргізген дұрыс. Егер арнайы комиссия тексеру жүргізгенде тазаланбаған жерлер анықталған жағдайда округ әкімі мен сол жердің тазалығына жауапты мекеме басшысынан жауапкершілік сұралу қажет. Сонымен бірге, тал егу қағаз жүзінде қалмауы керек. Себебі, мұның бәріне қаржы шығарылып жатыр. Бөлінген қаржының сұрауы болатыны белгілі.

Сондықтан, округтерді аралап, нақты егілгенін, қаншасы шығып тұрғанын анықтауды тапсырамын. Сонымен қатар, егілген талдарды тамшылатып суаруда мұқият болған жөн. Өткен жылдардан қалған құрылғылардың бәрі бірдей жарамды емес. Бұл ретте, егілген талдардың бәрі бірдей суарылмайды. Мердігер мекеме «бәрін суардым» деп алдай салады. Оның анық-қанығына көз жеткізу керек. Суарылмаған тал өспейді де, келесі жылы қайта егіледі. Осылайша қаржы далаға кетеді. Бұлай жұмыс жасауға болмайды. Сондықтан, мердігер мекеме тамшылатып суару құрылғысын жаңадан орнатуы тиіс. Егер ауыстырмаса келісім шартты бұзыңыздар. Қалай болғанда да егілген талды шығаруды ұйымдастыру округ әкімдеріне тапсырамын, - деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521