Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Карантиндік шаралар күшейтілді

Өткен аптаның жұмасы күні облыс тұрғындары арасында коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында карантиндік шараларды күшейту туралы облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №1 қаулысы қабылданды.

Қаулыға сәйкес облыс тұрғындары респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған кезде (құрғақ жөтел, қызба, тыныс алудың қиындауы, ентігу және т.б.) 103-ке қоңырау шалу арқылы үйден медициналық көмекке жүгіну, қоғамдық тамақтану орындарында әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып және қоғамдық орындар мен көліктерде медициналық бетперделер кию, 65-тен асқан адамдарға аса қажеттілік болмаса тұрғылықты жерінен шықпау қажет. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы, жеке кәсіпкерлік қызметкерлерінің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс жасау режиміне ауыстырылуы қажет.

Бұл ретте, бірінші кезекте жасы 50-ден асқан және созылмалы аурушаңдығы бар қызметкерлер жіберілгені жөн. Сондай-ақ, көпшілік іс-шараларды, оның ішінде отбасылық жиындарды өткізуге тыйым салынып, барлық ойын-сауық объектілерінің, банкет залдарының, компьютерлік және ойын клубтарының, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (кезекші топтарды қоспағанда), мәдени нысандардың, жеке, топтық дайындықтардың, театрлардың қызметі тоқтатылып, мешіттерде көпшілік іс-шараларды (жұма намазы, діни жоралғылар және т. б.) өткізуге тыйым салынды. Ал, моншаларға сенбі және жексенбі күндері жұмыс жасауға тыйым салынып, тек дүйсенбі-жұма күндері ғана сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарының да жұмыс уақыттары шектеліп, жұмыс күндері қысқарды. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Айбар Алтыбаевтың айтуынша, орталық мамандары шектеу шараларына байланысты енді сенбі, жексенбі күндері демалып, дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін халыққа қызмет көрсетеді. Орталыққа келген қызмет алушылар міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты және медициналық бетперде кию тәртібін қатаң сақтауы тиіс. Қабылданған карантиндік шектеу шаралары қауіпті індеттің алдын алуға бағытталып отырғанын әрбір адам түсіне білуі тиіс.

Ендеше, өзіңнің және жақындарыңның дені сау болсын десеңіз санитарлық талаптар мен сақтық шараларына бей-жай қарамай, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асқан абзал.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521