Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ТАБЫЛДЫ ӘНІН ТАМЫЛЖЫТҚАН ТАЛАНТТАР

Ақтөбе қаласында қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын Табылды Досымов атындағы ІІІ «Сәйгүлік» атты республикалық байқауы болып өтті. Республикалық Т.Досымов атындағы қордың төрағасы, ақын, жерлесіміз Бижан Қалмағанбетовтың ұйытқы болуымен, Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен өткен байқауға Астана қаласы, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл және Ақтөбе облыстарынан барлығы 18 әнші қатысып, Табылдының патриоттық және лирикалық әндерін акустикалық гитарада тамылжыта шырқады.

Гитараның құлағында еркін ойнап, көрерменін Табылдының бұрын-соңды айтылмаған әсем әндерімен сусындата білген әншілердің шығармалары көңілге көрікті ой ұялатты. Байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлері гала концертте анықталып, сол жерде салтанатты түрде марапатталды. Гала концерт шымылдығы Т. Ахтанов атындағы драма театры әртістерінің арнайы әзірлеген прологпен ашылды. Ал «Batys ethno» тобы орындаған «Сәйгүлік» әні көпшіліктің көңілін баурап, шараның рухын асқақтатты. Құттықтау сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Табылдының тағылымы мол әндерін әлі де насихаттап, қатысушылар қатарын арттырып, фестиваль аясын кеңейту керектігін тілге тиек етті.

Бұдан соң, қазылар алқасының шешімімен жүлдегерлер марапатталды. Бұл орайда, бұған дейін талай республикалық байқаулардың лауреаты болып үлгерген жерлесіміз, қазіргі таңда "Шұғыла" мәдениет үйінің директоры қызметін атқаратын Ғибадат Тұрғалиев Табылдының лирикалық сезімге толы "Тәтті мұң", "Биіктік" әндерін нақышына келтіре орындап бас жүлдеге ие болса, бірінші орынды және бір жерлесіміз, облыс, республикаға белгілі әнші, сазгер Орынбасар Жұмаханов қанжығасына байлады. Ол Табылдының Тайсойғанның марқасқа ақыны Марат Отаралиевке, "Анаға хат" әндерін көрерменге паш етті. Сөйтіп, қос бірдей жерлесіміз Ақтөбе төрінде бард әншінің әндерін тамылжыта шырқап, ауыл, аудан, облыс мерейін үстем етті. Көрші облыста атой салған қос әншіні Сағыз ауылынан аталмыш облысқа кірер тұстағы "Сарарқа" мейманханасынан өнер саласындағы аға буын өкілдері мен ауыл жанашырлары салтанатты түрде әсем әнмен күтіп алып, қазақы дәстүрмен ақ ұсынды.

- Осыдан 25 жыл бұрын "Шұғыла" мәдениет үйінің директоры қызметінде жүрген мен облыстық "Ақ ерке, Ақ жайық" байқауында бас жүлдені жеңіп алып аудан абыройын асқақтатып едім. Бүгін сол жетістікті аталмыш жылдан кейін артымыздан ерген інілеріміздің қайталағанына өте қуаныштымын. Біз облыстық байқауда топ жарсақ, олар республикалық белесті бағындырып отыр. "Ұстаздан шәкірт озар" деген осы емес пе?! Әріптесіміз, облыс, республикаға белгілі сазгер Әбдіғапар Темірхановтың қос шәкіртінің жетістігіне шексіз қуанған біздің төбеміз көкке бір елі жетпей қалып тұр. Абыройларың арта берсін, балаларым, - дейді мәдениет саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Ғафура Жанбосынова.

Қос талантты құрметке бөлеу шарасында сөз сөйлеген спорт ардагері Ақниет Жанбосынов, ардақты ана Дариға Басшиева, облыс, республикаға белгілі сазгер Әбдіғапар Темірхановтар ізгі тілектерін арнады. Көрсетілген құрметке шексіз ризашылығын білдірген қос талант баршаға рахмет айтып, барлығы бірдей Табылды Досымовтың "Биіктік" әнін қосыла шырқады.

Бауыржан АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT